Ақтөбе қаласындағы ескі үйлер жаңартылып жатыр
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе қаласының құрылғанына 152 жыл толды. Облыс әкімі шаһарды аралап, жаңғырту, абаттандыру, жол салу жұмысымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин Ақтөбе қаласын аралап шығып, бірнеше жобаның жүзеге асырылу барысымен танысты. Өңір басшысы Әз-Наурыз көшесі бойындағы көпірдің, саябақ және Пожарский көшесіндегі жол жөндеу жұмыстарының сапасын қарап шығып. Ә.Молдағұлова даңғылы бойындағы суағар жүйесінд де құрылыс басталған. Оңдасын Оразалин «Тұрғындар қалашығы» ауданындағы үйлердің қасбетін жаңарту жұмыстарын биыл тамыз айына дейін аяқтауды тапсырды.
«Ақтөбеде қаланың тарихи ауданын қайта жаңғырту жұмысы басталды. 113 үй жаңартылып жатыр. Олардың шатырын, қасбетін жөндеу, аулаларды, спорт алаңдарын, жаяу жүргіншілер аумағын абаттандыру, кіші сәулеттік пішімдерді қалпына келтіру қарастырылған. Сонымен бірге, «Тұрғындар қалашығының» тарихи келбетін сақтау міндеті тұр. Бәрі бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында іске асырылады», - деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Сонымен бірге облыс әкімі ағайынды Жұбановтар көшесіндегі көпқабатты үйлердің ауласының абаттандыру жұмыстарымен танысты. Биыл Ақтөбеде 67 балалар алаңын орнатып, 200 ауланы асфальттау жоспарланып отыр. Өңір басшысы қала әкіміне орталықты дамыту жобасын ерекше назарда ұстауды тапсырды.
«Біздің міндетіміз – тұрғындарға барынша жағдай жасау. Бұл бағытта көптеген ауқымды жоба жүзеге асырылып жатыр. Олардың әрқайсысы сапалы әрі уақытында орындалуы керек»,- деді Оңдасын Оразалин.