Ақтөбе қаласының көшелерін су басты

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе қаласында көктемгі су тасқынына қарсы жұмыстар жүріп жатыр. Алайда коммуналдық мекемелер көшедегі суды сору жұмыстарын толық атқара алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласында қар аралас жаңбыр жауып, көшелерді су басты.

Қазіргі кезде қаланың көшелерінде қозғалыс қиындап, жүргізушілердің көлігі ойыққа түсіп жетіп жатыр.

Сонымен бірге жаяу жүргіншілер жолын су басып қалды.



«Ақпан айының 6-нан 7-не қараған түні қалада нөсер жаңбыр жауды. Арты қарға ұласты. Су сору жұмыстарына 89 ассенизатор жұмылдырылды. Оның 39-ы сұраныс бойынша жұмыс істейді. Ал 50 көлік қала көшелеріндегі суды сорып жатыр. Кей жерлерде үлгермедік. Себебі қар тез еріп, судың жиналуы үдеді. Сонымен бірге мобильді топ жұмыс істеп жатыр. Мотопомпалар арқылы су жолдан адам жүрмейтін жерге төгіледі. Мұндай барлығы 8 техника бар», - деді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Серік Дәулетов.



Маманның айтуынша, Қазгидрометтің облыстық филиалы мұндай жағдай туралы хабарлама бермеген.

Айта кетейік, қазіргі кезде полигонға 190 мың текше метр қар шығарылды. Қаладағы Шанхай ауданында қар шығарылып болды.

Қазір Мәскеу, Құрмыш, Сүт зауыты ауданында қар жинау жұмыстары атқарылып жатыр.







Соңғы жаңалықтар