«Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын» жолын жөндеу үшін ЖСҚ әзірленіп жатыр
Күрделі жөндеу жұмысын қажет етіп тұрған «Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын» тасжолының ұзындығы – 262 шақырым. Қазір жобалық-сметалық құжаты әзірленіп жатыр. Асхат Шахаров Хромтауға жұмыс сапарында шаруалармен де кездесті, деп хабарлайды Kazinform.

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Хромтау ауданына жұмыс сапарымен барды. Алдымен жол құрылысы барысын көрді. Ақжар ауылына кірер жолда «Қазавтожол» ҰК» АҚ Ақтөбе филиалы директорының орынбасары Асылбек Мұхамбетқалиев өңір басшысына «Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын» автожолын қайта жаңғырту жобасын таныстырды.
Сонымен бірге республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын күтіп ұстауға дайындық жөнінде айтты. «Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын» жолының қазіргі күйі нашар, жүргізушілер тарапынан айтылатын шағым көп. Қазіргі уақытта жолды жөндеуге жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.
Жалпы ұзындығы 262 шақырым жол жеті учаскеге бөлінді. Соның ішінде ұзындығы 56 шақырым болатын екі учаскеде келесі жылы жөндеу жұмыстары басталады деп жоспарланып отыр.

Нәтижесінде қазіргі екі жолақты жол төрт жолақтыға дейін кеңейтіледі. Жоба аясында көпірлер, көлік айырықтары, мал айдайтын жолдар мен су өткізгіш құбырлар салу да қарастырылған.
«Жол салған кезде 268 су өткізу құбыры, 13 аспалы көпір, 23 көпір болады деп жоспарланып отыр. Қоғамдық кездесулер өтті. Ауыл тұрғындары өтініш-тілегін айтты. Мал, ауыл шаруашылығы техникасы өтетін орындар да анықталып, шешілді. Елді мекендерге кіріп-шығу үшін бөлек жол болады. Жоспар бойынша «Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын» жолының екі учаскесінде келер жылы құрылыс басталса, өзгесіне сараптама жұмысы жүргізіледі», - деді «Қазавтожол» ҰК» АҚ Ақтөбе филиалы директорының орынбасары Асылбек Мұхамбетқалиев.
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың ауданға іссапарында Хромтау ауданының әкімі Нұрхан Тілеумұратов облыстық маңызы бар жолдарды жөндеу жұмыстарының барысы туралы мәлімет берді. Қазір «Абай-Б» ЖШС мердігерлік ұйымының нысандары – «Құдықсай-Қопа» тас жолы, Қызылсу ауылына кіреберіс және Қарғалы ауданы бағытындағы жол. Құрылыс-монтаж жұмыстары бітпеген. Аталған серіктестіктің басқа аудандарда да жұмысы аяқталмай жатқан проблемалық нысандары бар.
Компания өкілдері материалдардың, соның ішінде асфальт құрылысы материалдарының қымбат екенін алға тартып, қаржыландыруды арттыру мақсатында жобаларға түзету енгізуді сұрап отыр. Облыс әкімі кәсіпорын өкілдеріне 2022 жылдан бастап жобалық-сметалық құжаттамада көрсетілген қаржыға материалдарды сатып алып, аталған жобаларды жұмысты аяқтауға уақыты жеткілікті болғанын атап өтті.

Асхат Шахаров келісімшарт міндеттемелерін тиісті деңгейде орындамаған мердігер ұйымды жауапқа тарту керек екенін баса айтты. Сонымен қатар облыс әкімі проблемалық жол құрылысы жобаларының аяқталуын қамтамасыз ету, сондай-ақ қысқы кезеңде жолдарды сапалы күтіп ұстау бойынша бірқатар тапсырма берді.
Хромтау ауданына жұмыс сапары барысында облыс әкімі Асхат Шахаров «АқМэз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің май экстракциялық зауытының жұмысымен танысты. Бұл кәсіпорын басшыларына өндіріс көлемін ұлғайтып, майды тазарту цехын салу міндеті қойылып отыр. Сөйтіп өңірдегі азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және тазартылған күнбағыс майының бағасын тұрақтандыруға оң ықпалын тигізеді.
Қазір зауытта шикі күнбағыс майы өндіріліп, күнбағыстың қабығынан мал азығы дайындалады. Мұндағы өндірістің қуаттылығын кеңейту үшін бірқатар кедергі кезікті. Былтыр салынған су құбыры іске қосылмай тұр. Қаржы «Бизнестің жол картасы – 2020-2025» бағдарламасы аясында бөлінгенімен, су шығар емес. Мамандар әзірге оның себебін анықтай алмай отыр. Ал су құбырынсыз май тазарту цехын кеңейтіп, іске қосу мүмкін емес. Облыс әкімі Асхат Шахаров бұл мәселені шешу үшін жергілікті билік кешенді шаралар қабылдауы керегін қадап айтты.

«Кемшіліктерді анықтап, оларды жою қажет. Өндіріс көлемі арттыруды мақсат етіп отырған кәсіпорынды қолдауымыз керек. Себебі цехтың іске қосылуы яғни май өңдеу ісін дамыту ішкі нарыққа да тиімді», - деді Асхат Шахаров.
Сонымен қатар күнбағыс өсіруге субсидия төлеу, минералды тыңайтқыштар алу, қысқы отынмен қамтамасыз ету жайы сөз болды. Аймақ басшысы бұл мәселелер өз бақылауында болатынын айтты.