Ақтөбе кәсіпорындары бос орындарға мамандар іздеді
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті, онда 500-ге жуық вакансия ұсынылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Астана күніне орай өткен жәрмеңкеге өңірдегі коммуналдық кәсіпорындар, құрылыс компаниялары мен білім беру мекемелері қатысты. Көбі тәжірибелі маман іздейді.
«Жұмыс берушілердің дені түйіндемені алып, «хабарласамыз» деп қайтарып жібереді. Бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне келіп, тағы 5-6 мекемеге түйіндемені қалдырдым. Әйелдерге жұмыс аз. Компанияларға дәнекерлеуші, темір ұстасы секілді жұмысшы мамандар қажет. Мен есепші, кассир мамандығы бойынша жұмыс іздеп жүрмін. Жалақы да өте аз. 25-35 мың теңге бізге жетпейді»,- деді жұмыс іздеуші Бибігүл Сүлейменова.
Айта кетейік, қазір Ақтөбе қаласында 1200-ден астам жұмыссыз бар. Жаз айларында олардың қатары артады. Себебі, жоғары, арнаулы орта оқу орнын бітіргендер диплом алған соң бірден еңбекке араласа алмайды.
«Жәрмеңке кезінде компаниялар бос жұмыс орындарын ұсынып, жұмыссыздарға қайта даярлау курстары туралы мәлімет берілді. Жаз айларында әйелдер жұмыссыз отырса, қыста құрылыс тоқтап, ер адамдар үйде отырып қалады. Көбіне 45 жастан асқан азаматтар еңбекке араласа алмайды. Бұл жұмыс берушілердің сұранысына байланысты»,- деді қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Нейлә Бөртебаева.
