Ақтөбе «Күнделік» электронды журналынан бас тартты

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Жаңа оқу жылынан бастап «Күнделік» электронды журналы пайдаланылмайды. Ақтөбеде Bilimland компаниясының «Білім класс» журналы қолданыла бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе «Күнделік» электронды журналынан бас тартты

Ақтөбеде биылдан бастап «Білім класс» журналы қолданысқа енгізілді.

Себебі өңірде «Ақтөбе облысындағы шағын жинақты мектептердің әлеуетін арттыру» атты пилоттық жоба жүзеге асырылып жатыр.

«Әр аудан орталығындағы 12 мектеп, 134 шағын жинақты мектепті жабдықтауға 5 миллиард теңге бөлінеді. 12 мектеп түгел жаңартылып, оған 3 миллиард теңге жұмсалады. Ал 134 шағын мектеп үшін 2 миллиард теңге қарастырылған. Онда екі кабинетке компьютер, интерактивті тақта алынады. Ал «Білім класс» журналын қолданудың өз артықшылығы болады. Мұнда ауыл мектептерінің мұғалімдері үшін электронды нұсқада дайын материалдар жүктеледі. Барлық цифрлық ресурсты тегін қолдана аламыз. Онда 26 мыңнан астам сабақ, 8 мыңға жуық пайдалы ақпарат орналастырылған. Бәрі мұғалімге, оқушыға қолжетімді»,- деді Ақтөбе облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова.

Айта кейік, биыл тек Ақтөбе облысы «Білім класс» журналын қолдана бастады.

Бұл - еліміз бойынша пилоттық жоба.

Еске салсақ, Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров мектеп оқушыларына арналған «Күнделік» жүйесінің олқылықтарын Парламентте көтерді.

Бұл жөнінде депутат Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға, Бас Прокурор Берік Асыловқа сауал жолдады.