Ақтөбе маңында «алтын сақа» табылған жер əлі зерттелмей жатыр

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбедегі Байғанин өңірінен екі рет «алтын сақа» табылған жер әлі күнге дейін зерттелмей келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Ақтөбедегі ауыл, аудан музейі құнды жәдігерге толы. Мәселен, Байғанин ауданында екі рет «алтын сақа» табылды. Алайда екі сақа табылған жер әлі күнге дейін зерттелмеген, қазба жұмыстары жүргізілмеген.

«Байғанин өңірінен екі рет «алтын сақа» табылды. Аудандағы Төрткүл деген жерге мал жаюға шыққан бақташы қыр басында ерекше жылтыр дүниені көрген. Ештеңе білмеген малшы сәуір айында әлі тоңы кетпеген жерді сәл түріп, «алтын сақа» тапты. Кейін сақаны Мәдениет қайраткеті Рысжан Ілиясова, тарихшы Бисен Жақанов сараптамадан өткізуге жіберді. Қорытынды таң қалдырды. Сақа бес металдан құйылған, құрамында қорғасын, темір, күміс болған, сары мыспен қапталған.  Музейге келген адамдарға сақа тарихын «Алтын сақа» ертегісімен байланыстырып айтамыз. Өкініштісі, біреуі де жергілікті жерде сақталмады»,- деді Байғанин аудандық музейінің директоры Ләззат Жаулина.

Музей директоры алдағы уақытта сақа табылған жерді зерттеп, сақаның қалыбы мен жасалу технологиясы табуға мүмкіндік бар екенін айтып отыр. Себебі, ғалымдар сақа табылған аумаққа қазық қағып, белгілеп қойған. Әзірге зерттеу, қазба жұмыстары басталмады.

Сонымен қатар, Байғанин аудандық музейінде Барақ батырдың найзасының ұшы сақтаулы. Кіші жүздің табын руынан шыққан батыр елін, жерін найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғаған.

«Найзаның ұшы 57 жыл бойы ұрпақтан ұрпаққа беріліп, сақталып келді. Кейін музей ашылғанда Жәмеңке ата тапсырды. Шын мәнінде найзаның ұшын сақтау да өте қауіпті болған. Жәмеңке ата саяси-қуғын сүргін уақытында мұндай дүниелерді сақтау қауіпті болған, үнемі қорқынышпен, үреймен өмір сүргенін айтып, аманат етті. Музейге ең алдымен берілген құнды жәдігеріміз осы. Сам елді мекенінде Барақ батырдың кесенесі тұрғызылған. Кейін ол жерде мешіт ашылды. Түнемелі үйіне барған кезде ағаш табақ пен құман көрдік. Түнемелік үйдің шырақшысы, Барақ батырдың ұрпағы ағаш табақтың сол заманда пайдаланылған бұйым екенін айтты. Ал құман Барақ батырдың ұлы Асау батырдың заманында пайдаланылған. Өтінішпен музейге сұрап алдық. Алу өте қиын болды», - деді Ләззат Жаулина.

Музейде сүйекпен көмкерілген домбыра, сандық бар. Сонымен қатар, жиде ағашының ортасын ойып жасаған 100 жылдық тарихы бар домбыра да сақтаулы. Оны Барақ батырдың ұрпақтары тапсырған.
null 

«Ақын, сазгер, драматург Бәкір Тәжібаевтың домбырасын ұрпақтары тапсырды. Өзі ән айтқан домбырасы мен үнтаспасы біздің музейге берілген құнды жәдігерлер қатарына қосылды»,- деді музей директоры.

Айта кетейік, музейде 10 қозының терісінен иленіп тігілген сеңсен тон бар. Тонды тұлғалы жігіттер киген. Сырты томар бояумен боялған. Ыстықтан, суықтан да қорғайды.
null 
null 
null 

Соңғы жаңалықтар