Ақтөбе медициналық колледжіне Мәншүк Мәметованың аты берілді
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе медициналық колледжіне Кеңес Одағының батыры Мәншүк Мәметованың аты берілді. Бұл ұсынысты бұрынғы директоры Вадим Югай он жыл бұрын Үкіметке жолдаған болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбе өңіріндегі кіші медицина қызметкерлерін дайындайтын медициналық колледждің бұрынғы директоры Вадим Югай 2006 жылы Үкіметке медициналық колледжді Мәншүк Мәметованың атымен атауды ұсынды. Бірақ бұл ұсыныс қолдау таппай, колледжді он жылдан астам уақыт бойы басқарған В.Югай дүниеден озды. Ал таяуда Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев бұйрыққа қол қойып, Мәншүк Мәметова аты медициналық колледжге берілді.
«Медицина ғылымдарының кандидаты, денсаулық сақтау саласының үздігі Вадим Югай он жыл бұрын бастама көтеріп, ұсыныс тастады. Сол жылы Кеңес Одағының батыры Мәншүк Мәметоваға арнап колледжде арнайы мұражай ашылды. Бірақ бұл ұсыныс осы жылдың мамырында қолдау тапты, қаулы шықты. С. Асфендияров атындағы медициналық университетте оқып, соғысқа сұранып барған қазақ қызының ерлігі жас мамандарға үлгі-өнеге болады. Біздің студенттер Мәншүк Мәметованың атына кір келтірмеу үшін бар күшін салады»,- деді Ақтөбе медициналық колледжі директорының орынбасары Самал Тәжібаева.
Ақтөбе медициналық колледжінде 1500-ден астам студент бар. Мұнда медбикелер, стоматологтар, фельдшерлер дайындалады. Бүгін бұл колледжде үздік педагог пен үздік студент таңдалды.
