Ақтөбе мектептерінде сабақ онлайнға көшірілмейді
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе қаласында тараған хабарламаларға қарамастан ертең сабақ кестесінде өзгеріс болмайды. Алайда полиция қауіпсіздік үшін күзетті күшейтеді.
Ақтөбе қаласындағы 100-ден астам мектептің бәрінде сабақ әдеттегідей өте береді. Облыстық Білім басқармасы әлеуметтік желідегі каналға жазылған қорқытып-үркіту хабарламасы жалған екенін мәлімдеп, ресми ақпаратқа ғана сүйенуге шақырды.
– Ата-аналарды дүрбелеңге түспеуін және тек ресми деректерге сүйенуін, сондай-ақ жалған ақпараттың таралуына ықпал етпеуін сұраймын. Қала мектептері әдеттегідей, штаттық режімде жұмыс істейді, мектептердің ешқайсысында төтенше жағдайлар тіркелмеген. Мектептерге жасалған шабуылдар туралы ақпараттың жалған екендігі сенімді түрде анықталды. Қашықтықтан оқыту форматына ауысуға ешқандай себеп жоқ», - деді Жайық Сұлтан.
Еске салсақ, Ақтөбе мектептеріне террорлық шабуыл жасалатыны туралы ақпарат тарап, көпшілік үрейге бой алдырды. Ақтөбе облысының әкімі бірден аталған мектептерге барып, қауіпсіздік жүйесінің жұмысымен танысты. Қазіргі кезде қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр.