Ақтөбе мектептерінде жарылыс болатыны туралы хабарлама тарай бастады
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Полиция тергеу жұмысын бастады. Адамдарды жалған хабарламаға сенбеуге шақырды.
Әлеуметтік желіде Ақтөбе қаласындағы оннан астам мектепте жарылыс болып, балаларға қастандық жасалатыны туралы хабарлама тарады. Полиция сотқа дейінгі тергеуді бастады.
— Полиция департаменті терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар тарату дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр. Ақпаратты таратқан тұлғаларды анықтау бағытында жедел іс-шаралар қабылданды. Күдіктілер жақын арада анықталып, еліміздің заңнамасына сәйкес жауапқа тартылады. Сонымен бірге білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Мектептерде бейнебақылау жүйелерінің жұмысы күшейтіліп, оқу орындары маңында полиция жасақтарының саны артты. Азаматтарды жалған мәліметтерге сенбеуге және тек ресми дереккөздерге жүгінуге шақырамыз, — деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.
Еске салсақ, 9-қарашада дәл осындай хабарлама Ақтау қаласында да тарады. Полиция департаменті бұл хабарламалардың таралу көзін анықтап, әлеуметтік желілердегі ақпарат бойынша тексеру жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді.