Ақтөбе облысында 150 бас қойымен жоғалып кеткен шопан табылды

«Мал ұрысы» жедел-профилактикалық іс-шарасы шеңберінде шаруа қожалықтарын аралап, рейдтік жұмыстар жүргізу барысында 6 желтоқсанда Ақтөбе облысы Қобда ауданындағы шаруа қожалықтарының біріне барған полицейлерге қожалық басшысы малшысының және 150 бас қойының жоғалғаны туралы арызданды, деп хабарлайды Kazinform

Қой
Фото: Polisia.kz

Оның айтуынша, қой бағып кеткен шопанды қойларымен таба алмағанына екінші күн болған. Бірінші күні фермер іздеу жұмыстарын өз күшімен жүргізген, алайда оң нәтиже бермеген соң, полицияға хабарламақ болған.

«Полиция қызметкерлері дереу жоғалған шопанды іздеуге кірісті. Іздеуге 20 адам мен бірнеше техника жұмылдырылды, оның ішінде полиция, төтенше жағдайлар және аудан әкімдігінің қызметкерлері, 5 автокөлік пен дрон бар.

Іздеу іс-шаралары барысында жыралар мен орман белдеулері тексерілді. 7 желтоқсан күні кешке полиция қызметкерлері шаруа қожалығынан 25 шақырым қашықтықта қойларды шаруашылыққа қарай айдап бара жатқан шопанды тапты», — деп жазды ІІМ-нен.

Полицейлер оны жылытып, қожалыққа аман-есен жеткізді. Шопанның айтуынша, оны әртүрлі ауа райында далада жиі болатыны және суыққа бейімделгені құтқарған.

Соңғы жаңалықтар