Ақтөбе облысында 6 жасөспірімге есірткі саудалады деген күдік келтіріліп отыр
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе облысында 6 жасөспірімге есірткі жасырды, сатты деген күдік келтіріліп отыр. Олар мектептер мен колледждердің оқушылары. Бұл туралы бүгін «Жастар. Жігер. Болашақ» форумында айтылды.
Ақтөбе облыстық полиция департаменті «Жастар. Жігер. Болашақ» форумын ұйымдастырды. Оған елімізге танымал өнер адамдарымен қатар Мәжіліс депутаты Қ.Әлішев шақырылды. Олардың бірі жастарға әкімшілік, қылмыстық жауапкершілік туралы еске салса, тағы бірі ағалық ақылын айтты. Ал облыстық Полиция департаментінің бастығы Абай Жүсіпов жасөспірімдер мен жастар арасындағы қылмыс жайын баяндады.
- Арам пиғылды адамдар жасөспірімдерді өздерінің жымысқы әрекеттеріне пайдаланады. Есірткі адамдарды ұрлыққа, зорлық-зомбылыққа, қылмысқа итермелейді, отбасын бұзады. Есірткі тұтынудың соңы жазатайым оқиғаларға да әкеп соғады. Жыл басынан бері 40-қа жуық жас, оның ішінде 6 мектеп және колледж оқушылары ұсталып, уақытша тергеу изоляторында қамалды, - деді облыстық Полиция департаментінің бастығы Абай Жүсіпов.
Сонымен бірге мектеп, колледж, жоғары оқу орындары арасындағы буллинг, бопсалау, әлімжеттік жайы туралы да әңгіме болды.
- Биыл буллингтен екі оқушы көз жұмды. Кінәлілер қазіргі кезде тергеу абақтысында. Оқу орындарында бопсалаумен айналысқан 7 жасөспірім оқушы мен студент қамауға алынды. Көбіне жастар өзін көрсету үшін, кейде базбіреулерге еліктеп, қылмыстық жолға түседі. Әркім өзі үшін жауап беретінін түсінбейді. Аяқасты туындайтын ашу-ызаның соңы қайғыға ұласып жатады. Кез келген төбелес адамды мүгедек етіп, өлімге душар етеді. Өкінішке қарай мұндай жағдай бізде тіркелді,- деді Абай Жүсіпов.
Еске салсақ, Ақтөбенің Темір ауданы Қопа ауылында оқушылар төбелесіп, бір бала көз жұмды. Қазір тергеу жүріп жатыр.