Ақтөбе облысында ауыл шаруашылығы еңбеккерлері марапатталды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Бүгін Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне орай, салада тынымсыз еңбек етіп жүрген азаматтар мемлекеттік наградалар мен құрмет грамоталарын иеленді, деп хабарлайды Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

марапат
Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі

Озат еңбеккерлерге облыс әкімі Асхат Шахаров марапаттарды табыстады.

Жиында алдымен сөз сөйлеген аймақ басшысы биыл өңірімізде су тасқыны болғанына қарамастан, егін бітік шығып, шаруалар жылды жақсы көрсеткіштермен аяқтап отырғанын жеткізді.

Атап айтсақ, биыл облыста мал басының орташа өсімі 8 пайызға жетсе, диқандар гектарына 14 центнерден өнім алды. Осылайша өңір бойынша 600 мың тоннаға жуық астық жиналды.

Бұдан кейін облыс әкімі өңірде еңбек етіп жүрген шаруа қожалықтарының басшылары мен жұмысшыларына мемлекеттік және Ауыл шаруашылығы министрлігінің ведомстволық наградаларын табыс етті.

Атап айтсақ, ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен Әйтеке би ауданы «Құмқұдық» ЖШС механизаторы Ерғали Малайдаров, Қарғалы ауданы «Степное» ЖШС малшысы Батырқан Төлеуов, Хромтау ауданы «Жантізер» шаруа қожалығының шопаны Қайрат Оразалин марапатталса, «Ерен еңбегі үшін» медалін Мәртөк ауданындағы «Айс» ЖШС сауыншысы Асылбек Ертілеуов пен облыстың бас фитопотологі Айнагүл Түлекбаева алды.

Сондай-ақ бір топ азаматқа Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісі және Құрмет грамотасы табысталды.

Салтанатты жиын соңында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Шаңғұтов сөз сөйлеп, өңірдің ауыл шаруашылығы саласын өркендетуге қосқан үлестері үшін жиналғандарға өз ризашылығын жеткізді.

Соңғы жаңалықтар