Ақтөбе облысында биыл 53 мың адам жұмыспен қамтылады

Ақтөбе облысы бойынша биыл 53 мың адам жұмыспен қамтуға арналған шараларға тартылады. Әсіресе грант, төмен пайыздық үстемеақысы бар несие беріп, кәсіпке баулуға басымдық берілген, деп хабарлайды Kazinform.

Ақтөбе облысы
Фото: Астана қалалық жұмыспен қамту басқармасы

Ақтөбе облысы бойынша жұмыспен қамту жоспары алдын ала бекітіліп, сол негізде көп іс қолға алынды.

«Бес мыңнан астам адамды ұлттық жобалар аясында еңбекке араластыру көзделді. Ал бос жұмыс орындарына 23 мыңнан астам адам орналастырылады деп жоспарланды. Субсидияланған бос жұмыс орындарына деп 10 мыңнан астам азаматты тарту қарастырылды. «Жастар тәжірибесі», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты», «Күміс жас» жобалары жүзеге асырылып жатыр. Мемлекеттік гранттар көпбалалы аналарға, мүгедектігі бар азаматтарға, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасыларға және атаулы әлеуметтік көмек алып отырған адамдарға тиесілі. Биыл 565 грант беріледі. Бір адам үшін 1 млн 380 мың теңге қарастырылған. Талдау жүргізетін болсақ, түрлі жобалар іске асты. Мәселен, кондитер цехын ашты, пластмасса ыдыстары шығарылып жатыр. Тігін шеберханасы, шаштараз, техникалық қызмет көрсету орталығын ашу да табысты кәсіпке айналған. Кейбірі өз қаржысын да қосып, кәріз суын сорғылайтын көлік те сатып алған. Жас кәсіпкерлер арасында сүт өңдеп, оны сатуға шығарған еңбекқор адамдар да бар»,- деді Ақтөбе облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Асланбек Шүйіншалиев.

Грантты бөлу кезінде бизнес жоспардың бәсекеге қабілетті болуы ескеріледі. Кәсіп бастаймын деген адам арнайы жоспар құрып, комиссия алдында қорғауы тиіс. Өндірген өнімді сату да маңызды. Өңірде мұнан өзге жастарға несие беріліп жатыр. Пайыздық үстемеақысы төмен несиені алуға ниетті жастар көп.

«Биыл 203 жас ақтөбелікке 935 млн теңге несие берілді. Оның 156-сы ауыл, өзгесі қала жастарына бөлінді. 35 жасқа дейінгі жастар арасында сұраныс көп болған соң келер жылы несие алушы санын 320-ға жеткізгіміз келеді. Ал несие портфелі 1,5 млрд теңге болады деп жоспарлап отырмыз»,- деді Асланбек Шүйіншалиев.

Талап бойынша несие алуға өтініш берген адамның жасы 35-тен аспауы тиіс. Кепілге қоятын мүлкі сұралады әрі несие тарихында еш кінәрат болмауы тиіс. Сонымен бірге өнім мен қызметтің өтімділігі маңызды. Жастар сол кезде 5 миллион теңгеге дейін несие рәсімдей алады. Ақтөбе облысы бойынша жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі жыл басында 2,8% болса, қазір 2,1%-да көрсетіп тұр.

Жастарды жұмыспен қамту үшін қазіргі кезде өңірдегі колледждердің материалдық-техникалық базасы нығайтылып жатыр. Еңбек нарығына сай маман даярлауда іріктеу де жүргізілген.

«Елімізде «Жас маман» жобасы қайта жалғасады деп жоспарлап отырмыз. Бұл өте пайдалы жоба. Қазір біздің облыста 40 колледж болса, оның 10-ы жаңғыртудан өтті. Білім ордаларына 2,6 миллиард теңге қаржы бөлініп, техникалық-технологиялық колледждер жабдықталды. Жалпы Ақтөбеде ауыл шаруашылығы, техникалық, инженерлік бағыттағы колледждерге басымдық берілген. Түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші республикалық деңгейден жоғары»,- деді Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтан.

Оның айтуынша, тек қаладағы емес, аудандардағы колледждер де жабдықталды. Оларға соңғы үлгідегі құрал-жабдықтар қондырылып, өндірісте кедергісіз жұмыс істеуіне мүмкіндік жасалды.

«Алдағы уақытта даму жоспарын таныстырамыз. Онда кәсіптік білім, мектеп, балабақшаның дамуы, қауіпсіз орта туралы жан-жақты қамтылады»,- деді Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтан.