11:07, 11 Қараша 2024 | GMT +5
Ақтөбе облысында кеше жоғалып кеткен екі малшы аман-есен табылды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – ТЖМ Ақтөбе облысында кеше жоғалып кеткен екі малшының аман-есен табылғанын хабарлады.
Кеше 112 пультіне Алға ауданында 1981 және 1989 жылдары туған азаматтар мал бағып Қарабұлақ ауылынан «Алғабас» шаруа қожалығының қыстағына шығып, жоғалып кеткені туралы хабарлама келіп түскен.
«ТЖМ қызметкерлері жол талғамайтын ТРЭКОЛ көлігімен іздеуге кірісті. Іздестіру жұмыстары түні бойы жүргізіліп, оң нәтиже берді. Бүгін таңертең жоғалғандар Алғабас ауылынан 20 шақырым жерде табылды, олар медициналық көмекке мұқтаж болмады», — деп жазды ведомстводан.
Айта кетейік, өткен аптада Ақтөбе облысында 56 шетелдік жолаушы жолда қалып қойғанын жазғанбыз. Оларға полиция көмектесті.