Ақтөбе облысында тағы екі ауылдың тұрғындары эвакуацияланады
АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Ойыл ауданының Көптоғай, Ырғыз ауданының Нұра ауылдарында тұрғындарды эвакуациялауға шешім қабылданды.
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ойыл ауданы Көптоғай ауылының тұрғындарын эвакуациялауға шешім қабылданды. Бұған дейін ауылдың ер азаматтары қалып, жағаны бекіту жұмыстарын жүргізген болатын. Барлығы 3 мың құм толы қап төселді.
- Көптоғай ауылы аудан орталығынан 36 шақырым жерде орналасқан. Бүгінде ауылда 839 адам тұрса, оның 117-і бала. 1963 жылы биіктігі 2 метр, ұзындығы 3 шақырым және ені 3 метр болатын бөгет салынған. Бүгінгі күні аталған бөгет суды ұстап тұр. Алайда судың деңгейі бөгеттің биіктігімен теңескен, елдімекенді су басу қаупі туындап отыр. Жергілікті тұрғындар үшін қауіп-қатерді ескере отырып, Көптоғай ауылының тұрғындарын эвакуациялау туралы шешім қабылданды. Эвакуацияланғандарды орналастыру үшін аудан орталығында орналасқан дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен Ойыл аграрлық колледжі дайындалды,- деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Тұрғындарды тасымалдауға 5 УАЗ автокөлігі, 1 жол талғамайтын және 10 жеңіл көлік бөлінген. Мұндағы эвакуациялауды Ойыл ауданының әкімі және облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы басқарады.
Сонымен бірге Ырғыз ауданының Нұра ауылында да эвакуциялау жүргізіледі. Мұнда 8 көлік жіберілген. Алайда жол қатынасы қиындап, бір көлік ауылға жетпей баптаққа батып қалды. Аудан әкімі Нұрлан Қызбергеновтің айтуынша, сүйреп шығару үшін трактор жіберілген. Нұра ауылында 112 үй, 691 адам бар.