Ақтөбе облысында үш ауысымды және апатты мектеп мәселесі қашан шешіледі
АСТАНА. KAZINFORM — Биыл облыста 10 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Өңірдегі білім және денсаулық саласының дамуы туралы әкім Асхат Шахаров айтып берді.

— Әлеуметтік салаға келсек, біздің өңірдің дамуындағы басты бағыттар — білім және денсаулық сақтау саласы. Әсіресе қазір сапалы білім беруді ұйымдастыру басты басымдық. Осы орайда биылғы жылы 8 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 2 мектеп құрылысын аяқтау жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, алдағы жылдары 11,4 мың оқушыға арналған 14 жайлы мектеп құрылысын аяқтап, іске қосамыз. Одан бөлек, үш ауысымды, апатты мектептер мәселесін шешу мақсатында келер жылы 16,4 мың оқушыға арналған 27 мектеп салынады. Сондай-ақ, 300 орындық балабақшаның құрылысы басталады, — деді Асхат Шахаров өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп бере тұрып.
Одан әрі өңір басшысы денсаулық сақтау саласындағы жұмысқа тоқталды.
— Медициналық қызметтердің сапасын арттыру үшін «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өңірде 29 жоба іске асырылуда. Қазір 12 нысан пайдалануға берілді, жыл соңына дейін тағы 6 нысан іске қосылады, — деп толықтырды Ақтөбе облысының әкімі.
Бұған дейін аталған облыстағы 24 ауыл келер жылы газбен қамтылатыны хабарланды.
Айта кетейік, алдағы жылы Ақтөбе өңірі 1 трлн теңге инвестиция тартуды жоспарлап отыр.