Ақтөбеде жеке балабақшадағы оқиғадан соң бақылау күшейтілді
Ақтөбе облысы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Амир» жеке балабақшасында болған оқиғадан соң өңір басшысы Асхат Шахаров жиын өткізіп, жауапты басшыларға нақты тапсырмалар берді. Облыс басшысы тәрбиеленушілерге немқұрайлы қараған балабақшаларға қатысты шараларды қатаңдату туралы талап қойды, Kazinform.

- Балабақшалардың ішінде бейнекамералар орнатылып, ол барлық ата-анаға қолжетімді болуы керек. Екіншіден, бақылаудың цифрлық жүйелерін қолдана отырып, балабақшаға келіп-кеткен адамдарды қадағалауды реттеу қажет. Егер балабақша тәрбиеленушілеріне немқұрайлы қарау фактілері анықталса, онда мекеменің жұмысы дереу тоқтатылуы керек. Басшылар жазалануы тиіс, - деді Асхат Шахаров.
Ақтөбе облыстық білім басқармасына балабақшалардағы заңбұзушылықтарға жедел ден қоюды қамтамасыз ету міндеттелді.
- Қазіргі уақытта Сіздің тарапыңыздан жедел әрекет ету жоқ. Ұзақ уақыт ойланасыз, толғанасыз. Өзіңіз немесе орынбасарыңыз осындай оқиға болғанда бірден сол күні сол жерге барып, тапсырмалар беріп, халыққа ақпарат жеткізуі керек еді. Әрбір жағдайға жауап тез берілуі керек. Сондай-ақ, алдын-ала жұмысты күшейтіп, тәуекелдерді анықтау шарт. Полиция департаментімен бірлесіп, балабақшаларды тексеріп шығыңыздар, осындай фактілер анықталған жағдайда шұғыл шешім қабылдаңыз», - деді облыс әкімі білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтанға.
Өңір басшысы салалық басқарма өкілдеріне Ахуалдық орталық базасында балаларға қатысты мәселелерге байланысты арыз-шағым түсіретін сенім телефонын іске қосуды тапсырды.
Еске салсақ, баласының денесі көгерген, жырып кеткен, жатын орны мен тамақтану бөлмесінде санитариялық талап сақталмаған деп бір топ ата-ана шағымданды. Кейін жеке балабақшаға мемлекеттік тапсырыс беру тоқтатылып, құрылтайшысы оның жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды.