Ақтөбе облысындағы 17 ауыл әлі интернет желісіне қосылмаған

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Өңірде барлығы 294 ауылда интернет бар. Оның 24-і OneWeb спутниктік технологиясына қосылған, өзгесі – мобильді байланыс. Тағы 17 ауылды интернетпен қамту керек. 

Ақтөбе облысындағы 17 ауыл әлі интернет желісіне қосылмаған
Фото: freepik.com

Ақтөбеде цифрлық трансформация және IT-кадрларды даярлау сұрағы қаралды. Облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Әсет Отарбаевтың айтуынша, 2025 жылдың қорытындысы бойынша 294 ауыл интернетпен қамтылған. Оның ішінде 270 елдімекен мобильді байланыс, 24-і OneWeb спутниктік технологиясына қосылған.

– 2026–2027 жылдары 206 ауылда тұрақты жоғары жылдамдықты интернет үшін талшықты-оптикалық байланыс желілері салынады. Ал облыстың 9 ауданындағы республикалық маңызы бар автожолдар бойында 17 байланыс мұнарасы орнатылады, - деді басқарма басшысы Әсет Отарбаев.

Интернет білім беру, спорт саласындағы ашықтықты қамтамасыз етуі тиіс. Облыста «DaraBala» платформасына 272,5 мыңнан астам ата-ана, яғни, 356,2 мың бала тіркелген. Жүйе мектептегі сабаққа қатысымды тіркейді және жүктемеге талдау жүргізеді. Қазір спорт мектептері мен секцияларға арналған жаңа модуль сынақтан өткізіліп жатыр. Ал қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 79 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылған. Жедел басқару орталығына 20 мың камераның жазбасы қосылған. Бұл адамдарды тануға, көлік нөмірін анықтауға, өрт шыққанда жедел әрекет етуге, құқықбұзушылықты тіркеуге бағытталған. Жыл ішінде бейнебақылау камерасы арқылы 250 қылмыс ашылды.

– Өңірде жылына 300–400 студентті оқытуға арналған IT Park ашу жоспарланып отыр. Peer-to-Peer мектебі және 12–18 жас аралығындағы жасөспірімдерге арналған TUMO Center инновациялық орталығы жұмысын бастайды. Облыс әкімі жекелеген жобалардан нақты нәтиже беретін жүйелі жұмысқа көшуті тапсырды. Интернеті жоқ 17 ауылдық елдімекенді қысқа мерзімде тұрақты интернетпен қамтамасыз ету қажет екенін айтты, - деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Ақтөбеде Цифрлық трансформация жөніндегі кеңес те құрылады.

Айта кетейік, Халыққа қызмет көрсету орталықтары Цифрлық кеңсеге айналады. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев айтты. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының Цифрлық кодексіне қол қойды.  

Соңғы жаңалықтар