Ақтөбе облысындағы 47 ауылға мобильді интернет тартылады

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров өңірдегі интернет жоқ ауылдардың мәселесі қашан шешілетінін айтты,   деп хабарлайды Kazinform. 

интернет
Фото: Kazinform/Алтынай Сағындықова

«Интернет мәселесі ауыл тұрғындары, әсіресе жастар үшін өте өзекті. Қазіргі таңда облыста 315 ауылдың 236-ы қолжетімді мобильді интернетпен қамтамасыз етілген. Алдағы жылы 47 ауылға мобильді интернет жүргізу жоспарда бар. Бұдан бөлек, 15 ауыл мектебі интернетке спутник, 22-сі тұрақсыз радио-реле желісі арқылы қосылған. Аталған мектептерде интернет жылдамдығы төмен. Осыған орай, аталған 37 мектепті келер жылы жылдамдығы жоғары желілерге қосу арқылы шешеміз», - деді Асхат Шахаров.

Сондай-ақ ол өңірде биыл жұмысын бастаған шотландиялық Heriot-Watt университетінің филиалы қай саладағы мамандықтарды дайындап жатқанын айтты.

«Қазіргі таңда «Мұнай инженериясы және энергоменеджмент», «Электроэнергетика», «Компьютерлік инженерия» мамандықтары бойынша 300 студент білім алып жатыр», - деді облыс әкімі.