Ақтөбе облысының бас имамы тағайындалды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – ҚМДБ Төрағасының кеңесшісі Кенжетай Дүйсенбай Ақтөбе облысының бас имамын таныстырды. Бас имам қызметіне Амантай Садиев тағайындалды.

ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бұйрығымен Амантай Садиев Ақтөбе облысының бас имамы қызметіне тағайындалды. Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде ҚМДБ Төрағасының кеңесшісі Кенжетай Дүйсенбай бас имамы қызметін атқарған Серікжан Еншібайұлына ризашылығын білдірді.
– Серікжан Еншібайұлы осы жылдар ішінде Ақтөбе облыстық өкілдігінің қызметін жандандырып, облыстағы діни ахуалды жақсартуға күш салды. Діни маман тұрақтандыру, діни кадр даярлау істерін жолға қойды. Жаңадан келіп жатқан бас имам да бөтен емес. Ақтөбе қалалық орталық мешітінде бас имам болып қызмет еткен. Тәжірбиелі діни маман, - деді Бас мүфтидің кеңесшісі.
Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешіті баспасөз қызметінің хабарлауынша, Садиев Амантай Әбілдаұлы «Нұр Мүбарак» Египет ислам университетінің түлегі. Алматы ислам институтында, Түркия елінің Маниса қаласындағы Құран курсында, Түркияның Булу қаласындағы Құран курсында оқыған. 5 тілді жетік меңгерген маман. Атырау, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл обылстары мен Ақтөбе қалалық орталық мешітінде бас имам, имам қызметтерін атқарған. Осы уақытқа дейін Алматы қаласы Алатау ауданы «Бекет ата» мешітінің бас имамы қызметін атқарып келді.
Айта кетейік, осы айда Қазақстан Республикасы мәдениет және ақпарат министрінің бұйрығымен Ержан Болатқанұлы Нүкежанов Дін істері комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалды.