Ақтөбе облысы бұрынғы әкімінің ісі сотта қарала бастады

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - «Ақтөбе» ӘКК экс-төрағасы Ермек Имантаевқа қатысты іс сотқа түсіп, бүгін алдын ала тыңдалым болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

«Ақтөбе» ӘКК экс-төрағасы Ермек Имантаев биыл ақпан айында ұсталып, оған Қылмыстық кодекстің «Лауазымдық өкілеттігін теріс пайдалану» бабы бойынша айып тағылды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті таратқан мәліметке сүйенсек, ол қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланып, үлестес адамдарына жер телімін төмен бағаға берді, сөйтіп мемлекетке 199,4 млн теңге шығын келтірді деген күдікке іліккен.


Ал бүгін №2 қалалық сотты алдын ала тыңдалым өтті. Айыпталушының қорғаушылары бірнеше өтінішхат түсірді.

«Айыптау актісімен танысу кезінде қосымша тергеу жұмыстарын жүргізуге өтінішхат жолданды. Байланыс операторларынан бірнеше адамның телефон нөмірін бақылауға алуды сұрадық. Екінші деңгейлі банктердегі есепшоттарын да тексеру қажет деп есептейміз. Бірақ өтінішхатта қаралмайтыны туралы айтылған. Айыптау актісінде «Ақтөбе» ӘКК тиесілі жерді шығарып, Батыс шағын ауданындағы жерге ауыстыру туралы айтылған. Нақты айып түсініксіз. Жолы белгісіз»,- деді қорғаушы Дидар Берікбол.

Сонымен қатар, қорғаушының айтуынша Ермек Имантаев операция жасатқан. Оңалтудан өту үшін ауруханаға жатуы тиіс.

«Өмір бойы істеген ісіме жауап беріп келемін. Әлі де жасаған ісіме жауап беремін. Бұл істі қайта тергеуге жіберуге өтініш жазғандағы себебіміз де сол. Іс жан-жақты, обьективті түрде қаралсын дедік. Қорғаушылар айтқан өтінішхатқа қосарым бар. Екі Сұлтановты іске қосуды сұраймын. Бірі жердің иесімін дейді. Бірақ мен оны өмірде көрген емеспін. Екіншісі - менің кеңесшім болған адам»,- деді айыпталушы Ермек Имантаев.

Ал прокурор Азамат Бақытжановтың айтуынша, қазіргі кезде екі іс біріктірілген. Алдымен факті бойынша іс қозғалып, қысқартылса, кейін Ермек Имантаевқа қатысты іс қаралды.

«Айыптау актісінде Имантаевты өкілеттігін асыра пайдаланып, 26 гектар жерді өз құнынан төмен бағада сатуға шығарды деп жазылған. Кейін жер телімінің бағытын өзгертіп, Батыс-3 тұрғын үй алабы үшін бір адамға сатқан делінген. Бірақ мұның нақты жолы көрсетілмеген»,- деді қорғаушы сотта.

Соталды тыңдалымы бейсенбі күні жалғасады.

Осы аралықта мемлекеттік айыптаушы Ермек Имантаевтың денсаулығына қатысты өз шешімін айтуы керек.

Сонымен бірге қылмыстық істегі құжаттар тегіс аударылуы тиіс. Іс орыс тілінде қаралып жатыр.

Прокурордың айтуынша, алдымен Қылмыстық кодекстің «Лауазымдық өкілеттігін теріс пайдалану» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Биыл 28 сәуір күні істі тергеу кезінде бұл бап Қылмыстық кодекстің «Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу» бабына ауыстырылды.


Соңғы жаңалықтар