Ақтөбе облысында 735 млн доллар болатын бес ірі жоба іске асады

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов инвесторлармен меморандумға қол қойды. Өңірде құны 735 миллион доллар болатын бес ірі жоба іске асады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысында 735 млн доллар болатын бес ірі жоба іске асады

Астана қаласында өткен жаһандық инвестицияға арналған дөңгелек үстел Ақтөбе облысы үшін табысты болды. Жиынға халықаралық компания өкілдері мен отандық бизнес иелері, инвесторлар, беделді сарапшыларды қосқанда барлығы 500-ден астам адам қатысты.
«Ақтөбе облысы – ел үшін экономикалық және стратегиялық маңызы зор Қазақстандағы ең ірі өңір. Аймақ хром, титан, никель қоры бойынша дүниежүзінде көшбасшы. Көмірсутегінің болжамды қорының 30%-ы шоғырланған. Өнеркәсіптік мұнай қоры республика бойынша үшінші орында. Біз таза, инновациялық және әртараптандырылған экономикалық модель ұстанып келеміз. Біздің міндетіміз – инвесторларды тарту және жан-жақты кешенді қолдау», – деп атап өтті Ералы Тоғжанов.
Дөңгелек үстел мен пленарлық отырыста әлемдік экономиканың дамуы, инвестициялық тартымдылық, әлем және аймақтық инвесторлар үшін жасалған мүмкіндік, азық-түлік қауіпсіздігі және логистика мәселелері талқыланды. Іс-шара соңында металлургия, құрылыс, денсаулық сақтау, экология және логистика салалары бойынша 735 миллион АҚШ долларын құрайтын 5 меморандумға қол қойылды.

Енді Ақтөбеде көлік-логистикалық хаб салады. Сонымен бірге Қазақстандағы ең ірі болат балқыту зауытын салу жоспарда бар.

Жоба қазақстандық өндірушілер үшін рельс, теміржол дөңгелектері, құрылыс арматуралары және пішінді болатты жасауға арналған өніммен қамтамасыз етеді. Бұл жылына жалпы жиынтығы 990 миллион долларға тең дайындама мен құрылыс арматураларының импортынан арылтады және қазақстандық прокат өндірушілерді сапалы өніммен қамтамасыз етеді. Зауыт толық қуатында жұмыс істегенде 1500 адам жұмыспен қамтылады.
Ал Ақтөбе қаласында кәріздік тазарту қондырғысының құрылысы басталады. Бұл қала ішіндегі жағымсыз иісті жояды әрі ағынды суды тазартады.

«Еуропалық қайта құру және даму банкі» инвестициялық жобаны қаржыландыруға дайын. Жобаның құны - 30 миллиард теңге.
Төртінші меморандум медицина саласына тиесілі. Ақтөбеде ядролық медицина орталығы салынады. Бұл орталық онкологиялық ауруды ерте анықтауға мүмкіндік береді.
«Маңызды жобаның арқасында Батыс өңірінің тұрғындары жоғары білікті мамандандырылған медициналық көмекке қол жеткізе алады. Орталықтың қызметі Ақтөбе қаласының медициналық туризм саласындағы тартымдылығын арттыруға ықпал ететініне сенімдімін. Біз оның салынуына мүдделіміз және оны жүзеге асыруға жан-жақты көмек көрсетуге дайынбыз», - деп баса айтты облыс әкімі.
Бесінші ірі жоба - битум зауыты. Ақтөбе облысы битумға деген өз қажеттілігін толығымен өтеп, сұраныс болған жағдайда еліміздің бүкіл батыс аймағын шикізатпен қамтамасыз етуді көздеп отыр. Зауыттың қуаттылығы тәулігіне 500 тоннаға дейін битум эмульсиясын және 1000 тоннаға дейін жол, құрылыс және шатыр битумын шығарады. Жобаның құны 50 миллион АҚШ долларын құрап, өндіріс іске қосылғанда 100 жұмыс орны ашылады.