Ақтөбе облысында бір мектеп жабылды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысы Мәртөк ауданында бір мектеп жабылды. Былтыр мұнда 5 оқушы білім алып, биыл екеуі көшіп кеткен. Ал өзге балалар мектеп-интернатқа ауыстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысында бір мектеп жабылды

Ақтөбе облысы бойынша жаңа оқу жылында 428 орта білім беретін мектеп жұмыс істейді. Жаңа оқу жылында екі мектеп қолданысқа беріледі. Біреуі Ақтөбе қаласы Батыс-2 шағын ауданындағы «Smart Білім» жеке мектебі, екіншісі Алға ауданы Маржанбұлақ ауылындағы 300 орында мектеп. Сонымен бірге өңірде оқушы саны аз білім ордалары да бар.

«Ақтөбе облысында 6 мектепте бала саны 5-10 оқушы арасында. Алдағы уақытта бұл жерлерге жаңа білім ордасын салу қарастырылып отырған жоқ. Заңнамаға сәйкес бастауыш мектеп болуы үшін 5, негізгі мектеп үшін 40, орта мектеп үшін 80 баладан жоғары болуы шарт. Кейбір мектептер нормативтен төмен болса да жұмыс істеп тұр. Өйткені мектеп жабылса, ауыл тағдыры бұлыңғыр. Ақтөбеде мектеп жабу мәселесі көп көтерілмейді. Биыл тек Егізата атындағы бастауыш мектеп жабылады. Себебі мұнда былтыр 5 оқушы білім алды. Биыл екеуі көшіп кетіп, үшеуі қалды. Ата-аналармен ақылдасып, балаларды Мәртөк ауданы орталығындағы орта мектеп-интернатқа көшіруге келісім жасалды», - деді Ақтөбе облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова.

Ақтөбеде мектебі жоқ елдімекендер де бар. Бастауыш, негізгі мектебі бар, бірақ орта мектебі жоқ ауыл балалары тасымалданады.

«Мектебі жоқ 45 елдімекенде 254 бала тұрады. Ол балалардың 122-і күнделікті тасымалданады. Ал 132 бала мектеп жанындағы интернатқа орналастырылады. Облыс бойынша 109 автобус балаларды тасымалдауға арналған. Жаңа оқу жылының алдында бәрі тиісті техникалық тексеруден өтті. Ақтөбе қаласында да саяжай аумағында тұратын балалар да тасымалданып жүр. Олардың саны 8 мыңнан асады. Жыл басынан бері 20, 40 орынды автобус алынып, техника жаңартылып жатыр», - деді Нұргүл Бертілеуова.