Ақтөбе облысында боран күшейіп, жолдар жабылып жатыр
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде республикалық және облыстық маңызы бар жолдар уақытша жабылып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбе облысында боран соғып, кей жерлер көктайғақ болып тұр.
Қазіргі кезде Самара-Шымкент тасжолының Ақтөбе қаласы мен Қызылорда шекарасы аралығы барлық көлік үшін жабық.
«Сағат 19:00-ден бастап Қарабұтақ-Комсомол-Қостанай» тасжолының Қарабұтақ ауылынан Қостанай шекарасына дейін жабық. Боран мен көктайғақ салдарынан көліктің барлық түрінің жүруіне шектеу қойылды. Ақтөбе облысында ауа райы құбылып тұр. Алыс жолға шығу қауіпті»,- деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметі.
Еске сала кетейік, бүгін Қызылорда облысында да ауа райының қолайсыздығынан «Самара-Шымкент» тасжолының бірқатар бөлігінде көлік қозғалысына тыйым салынған еді.