13:32, 08 Қараша 2013 | GMT +5
Ақтөбе облысында келімсектердің келіп-кетуі қатаң қадағалануда
АСТАНА. 8 қараша. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысында келімсектердің келіп-кетуі қатаң қадағалануда.

Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аталған өңірдің басшысы Архимед Мұхамбетов айтты. «Облысымызда үшжақты комиссия жұмыс жасайды. Барлық отырыстар менің басшылығыммен өтеді. Бүгінгі таңда облысымызда 32 компания кен орындарында жұмыс істейді. Мәселен, Ақтөбе мұнай компаниясында 7 мыңға жуық адам жұмыс жасайды. Соның ішінде 100-ге тарта жұмысшы ғана Қытай елінен. Барлығының құжаттары бар, заңды»,- деді облыс әкімі. Сонымен қатар оның атап өтуінше, таяуда өңірде 20-дан астам заңсыз жұмыс істеген қытайлықтардың ұсталуы орын алған. Оларды мердігер компаниялар жұмысқа алған. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары бұл заңсыздықты анықтап, тиісті шаралар қабылдауда.