Ақтөбе облысында киіктердің қырылуы тыйылды - ҚР АШМ

Соңғы мәліметтер бойынша, Қостанай облысында шамамен 81 970 киік ұшасы жойылды. Жангелді ауданында штаб құрылып, комиссия жұмыс жасауда.
Айта кетейік, Қостанай облысының аумағы киіктердің бетпақдала популяциясының төлдеу орны болып табылады. Қырылған киіктерден пастереллез ауруының анықталуына байланысты 2015 жылдың 22 мамырынан бастап Қостанай облысының Амангелді ауданы Үрпек ауылдық мекені аумағында ветеринарлық-санитарлық шектеулер енгізілді.
Киіктердің бетпақдала популяциясының қырылу фактісі тіркелген «Ырғыз-Торғай» мемлекеттік табиғи резерватында жағдай тұрақтанды. 22 мамырдағы жағдай бойынша, Ақтөбе облысында қырылған киіктер саны 3092 құрады.
ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті қызметкерлерінің мәліметінше, өткен аптаның соңынан бастап аймақта киіктердің қырылу фактісі тіркелмеген.
Бұдан басқа, 21 мамыр күні Ақмола облысының Жарқайың және Жақсы аудандарының шекарасында киіктердің қырылу фактісі тіркелген еді. Қазіргі таңда киіктердің 4293 мың ұшасы жойылды. Ақмола облысында киіктер қырылған аумақта халықаралық мамандар: Корольдік ветеринария колледжінің өкілі Ричард Кох (Англия), Франкфурт зоологиялық қоғамының өкілі Штефан Цутер (Германия) және ФАО өкілі Сергей Хоменко жұмыс істеуде.