Ақтөбе облысында қолға алынған «Көркейе бер, туған жер» акциясы келесі жылы аяқталады

Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аталған өңірдің басшысы Архимед Мұхамбетов айтты.
«Жалпы «Көркейе бер, туған жер» акциясының негізгі мәні туып өскен ауылдарына, аудандарына көмек беру. Бұл шараға 4 мыңнан астам кәсіпкерлер мен кәсіпорындар белсене қатысты. Ресейге, Алматы мен Астана қалаларына қоныс аударған азаматтар келіп, өздері оқыған мектептерге, көшелерге, аулаларға аббаттандыру, ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуде», - деді ол.
Оның атап өтуінше, акция 3 жылға жоспарланған. Яғни, өткен жылы басталған шара келесі жылы аяқталатын болады. Айта кетерлігі, үш жылдық акцияның алғашқы жылы жемісті аяқталып, қазір туған жер тағдырына бейжай қарамайтын азаматтардың қолдауымен облыстың әр түпкірінде жасалған жұмыстар 4,8 миллиард теңгеге бағаланып отыр.