Ақтөбе облысында мобильді топтардың жұмысы күшейтіледі

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде мобильді топтардың жұмыс көрсеткіші әлсіз. Өңір басшысы Оңдасын Оразалин қайта жандандыруды тапсырды, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысында мобильді топтардың жұмысы күшейтіледі

Өткен тәулікте Ақтөбеде бір ғана адамнан вирус анықталды. Ол дерттің симптомды түріне шалдыққан.

Жалпы індет бастаған күннен бері 4 мыңнан астам жағдай тіркелді. Оның 95 пайызы жазылды.

Дәрігерлер мен эпидемиолог мамандар әрі қарай да бұл бағыттағы жұмысты өз бақылауында ұстайды.

Себебі өңірде үй карантиніне алынған адамдар саны 600-ден асып кеткен. Бәрі де науқас адамдармен байланыста болғаны үшін дәрігерлерге денсаулығы туралы ақпарат беріп отыр.

«Бүгін коронавирус инфекциясын жұқтырған бір жағдай тіркелді. Анықталған науқастардың арасында Ресей мен Қазақстанның өзге өңірлерінде жұмыс істейтін ақтөбеліктер бар. 14 адам карантин стационарында. 585 медицина қызметкеріне вакцина егілді»,- деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауов. Ол өңірдегі бақылау топтарының жұмысын қатаң сынға алды. Барлығы 47 бақылау тобы құрылған. Бәрі 10 мыңға жуық тексеру жүргізіп, 2 мың адам әкімшілік жауапқа тартылды. Оларға 184 млн теңге айыппұл салынды. «Ақпан айында Ақтөбе қаласында анықталған заң бұзушылықтар саны бірнеше есеге азайған. Бұған бақылаудың әлсіздігі дәлел», - деді Н.Қалауов.

Жиында облыс әкімі топтардың жұмысын жандандыруды, халық арасында екпе жөніндегі ақпараттандыру-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

«Санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды тұрақты деп айтуға болмайды. Ол кез келген сәтте нашарлап кетуі мүмкін. Бақылау топтары шектеу шараларын бұзушыларға қатысты шараларды қолдана отыра, жұмысына жауапкершілікпен қарауы қажет. Қауіп сейілген жоқ»,- деп атап өтті Оңдасын Оразалин.

Айта кетейік, Ақтөбеде төсек-орын санын 445-тен 3603-ке дейін көбейтуға мүмкіндік бар.

Емдеу орнындағы кереуеттің 80,3% оттегімен қамтылып. 21 стационарлық рентген аппараты орнатылды.

Өкпені желдететін 382 аппарат, 450 оттегі концентраты, ​ 626 оттегі баллоны, 787 ​ Бобров аппараты мен 424 оттегі жастығы бар.

Жедел жәрдем бекеті мен емдеу мекемелерінің автопаркі 41 санитарлық машинамен толығып, 6 мобильді диагностикалық кешен сатып алынды.