Ақтөбе облысында Наурыз мейрамына 4 тонна бауырсақ пен 5 мың литр көже пісірілмек
Басты мерекелік шаралар және жаппай мерекелеу 21 және 22 наурызда негізгі қалалық алаңдар мен селолық округтерде өтеді. Ұлыстың Ұлы күніне арнап дәмханалар, мейрамханалар мен сауда нысандары шамамен 4 тонна бауырсақ, 5 мың литр ұлттық сусын - Наурыз көже әзірлейді деп күтілуде. Ақтөбеліктер жаппай мерекелеу кезінде Наурыз көженің дәмін тегін тата алады. Көпшілік іс-шаралар ҚР Тұңғыш Президенті саябағында, Орталық стадионда, Металлургтер мәдениет үйінде, «Мега Ақтөбе» сауда ойын-сауық кешенінде, Пушкин атындағы саябақта және «Ретро», «Авиатор» саябақтарында өтеді. Бұл жерлерде ұлттық салт-дәстүрлер мен жоралғыларды паш ететін театрландырылған көріністер, шығармашылық ұжымдардың концерттері, ұлттық ойындардан жарыстар мен сұрақ-жауап сайыстары, байқаулар өтпек.