Ақтөбе облысында шағын жинақты мектептерді дамытуға 4 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалады

Өңірде «Цифрлық технологияларды қолдана отырып, Ақтөбе облысының шағын жинақты ауылдық мектептерінің әлеуетін дамыту» пилоттық жобасын іске асыру басталады.
Ақтөбеде өткен жобаның тұсаукесеріне облыс әкімі Ералы Тоғжанов, ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Айбат Ілиясов, «Қазақстан халқына» қорының басшысы Болат Жәмішев, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі, қоғам қайраткері Күләш Шәмшидинова, Aitas Foundation корпоративтік қорының басшысы Ксения Верба, өңірдің білім басқармасы өкілдері, ШЖМ директорлары, сондай-ақ өзге де серіктестер қатысты.
Пилоттық жоба өңірдегі 134 шағын жинақты мектептерде іске асырылып, мұғалімдер тапшы шалғайдағы ауылдық мектептерді қамтиды.
Жобаны «Қазақстан халқына» қоры, білім беруді тұрақты дамыту қоры, ҚР Оқу-ағарту министрлігі және Ақтөбе облысының әкімдігі жүзеге асырып жатыр.
Мұндағы мақсат - шағын жинақты мектептерде цифрлық шешімдерді енгізу арқылы білім беру сапасы мен оқыту тиімділігін арттыру, материалдық-техникалық базаны нығайту, педагогтерді кәсіби дамыту.
Ералы Тоғжанов бұл жоба ауылдық жерлерде орта білім беру сапасын одан әрі арттырып, оқушылардың тұрғылықты жеріне қарамастан білім алу үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуде маңызды қадам екенін алға тартты.
«Мемлекет басшысының қолдауымен елімізде балалардың жан-жақты дамуы мен сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған. Дегенмен, қалалық және ауылдық мектептер арасындағы білім алшақтығына әсер ететін факторлар да бар. Осы мәселелерді шешу үшін бізде бірқатар шаралар жүзеге асырылуда. Біз ауылдық және қалалық мектептер арасындағы білім деңгейіндегі алшақтықты жою мақсатында шағын жинақты мектептерді қолдауға бағытталған «БІЛІМ ALL» өңірлік жобасын алғаш болып іске қостық. Бүгінде жоба тиімділігін дәлелдеді. Біз бұдан әрі де осы бағытта жұмыс істеуге ниеттіміз», - деп атап өтті Ералы Тоғжанов.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 404 жалпы білім беретін мектептің 72,5%-ы ауылдық жерлерде орналасқан, оның 204-і - шағын жинақталған мектептер.
Пилоттық жоба 10,5 мың оқушыны қамтитын 134 шағын жинақты мектепте енгізіледі.
Мектептер онлайн форматта оқыту үшін жаңартылған цифрлық кабинеттермен және зертханалық жұмыстарды жүргізу үшін ғылым кабинеттерімен жабдықталады.
Күләш Шәмшидинованың сөзінше, жоба аясында мектептерді дамытудың 4 моделі іске асырылады, оның ішінде стриминг, онлайн оқыту, тірек және магниттік мектептер кешенін құру, сондай-ақ цифрлық шешімдерді пайдалану бар.
Әрбір модель тиімділік пен кемшіліктерді анықтау үшін сынақтан өткізіледі, қорытындысында жобаны жақсарту және одан әрі ауқымын кеңейту туралы ұсыныстар беріледі.
Жобаның жалпы бюджеті 4 млрд теңгеден астам, оның ішінде «Қазақстан халқына» қоры шағын жинақты мектептерді жарақтандыруға 2 млрд теңгеден аса қаражат бөледі.
«Қор білім беру жобаларына қатыса отырып, балалардың сапалы білім алуына жағдай жасауға инвестиция салуда. Қайырымдылық дегеніміз бұл - денсаулық сақтау және әлеуметтік қолдау мәселелері ғана емес, сонымен қатар білім беру, мәдениет және спорт салаларындағы күрделі мәселелерді жүйелі шешуге қатысу. Біз тұрғылықты жеріне қарамастан, әрбір бала білім алу үшін тең мүмкіндіктерге ие болуы тиіс деп санаймыз», – деп атап өтті «Қазақстан халқына» қорының Басқарма төрағасы Болат Жәмішев.
Айта кету керек, жоба көптеген серіктес мен қатысушылардың басын біріктірді.
Білім беруді тұрақты дамыту қоры оператор ретінде жұмысты үйлестіру мәселесіне жауапты. Бұл қорды AITAS агроөнеркәсіп холдингі қаржыландырады.
«Ауылдық аумақтарды дамытумен айналыса отырып, білім беру саласынсыз ауыл тұрғындарының әлеуетін ашу мүмкін емес екені белгілі болды. Сапалы білім қалалар мен ауылдық жерлердің тұрғындары үшін қолжетімді болуы керек. Бүгінгі таңда білім беру жобаларымыз өз жалғасын табуда. Шағын жинақталған мектептердің оқушылары ең озық технологиялармен жабдықталған кабинеттерде оқып, сапалы білім ала алады, ал біз балалар мен ауыл тұрғындары үшін қолжетімді сапалы білім беру арқылы Қазақстанды орнықты дамыту жөніндегі үлкен мақсатымызға жақындай түсеміз», - деді Aitas Foundation корпоративтік қорының директоры Ксения Верба.
Педагогтердің әдіснамасы мен біліктілігін арттыру мәселелері Оқу-ағарту министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйымдарымен қамтамасыз етіледі.
Сонымен қатар, жобаны сынақтан өткізу және табысты іске асыру үшін Online mektep, Daryn online, Roqed science, Aman Sultan, Kundelik сияқты Қазақстанның үздік білім беру платформалары жобаға қатысушы мектептерге өз ресурстарын тегін берген.
Жобаның бастамашылары оны іске асыру тірек және магниттік мектептер мәселелеріне қатысты нормативтік-құқықтық актілерді жетілдіру, педагогикалық және әдістемелік ұсыныстарды әзірлеу бойынша ұсыныстар дайындауға, сондай-ақ Қазақстанның басқа өңірлерінде жобаның ауқымын кеңейту үшін үлгі болатынына сенімді.
Жиын барысында тараптар арасындағы ынтымақтастықты нығайту және цифрлық технологияларды пайдалана отырып, Ақтөбе облысының шағын жинақты ауылдық мектептерінің әлеуетін дамыту жөніндегі бірлескен қайырымдылық жобасын іске асыру үшін Ақтөбе облысының әкімдігі, ҚР Оқу-ағарту министрлігі, «Қазақстан халқына» ҚҚ және «Білім беруді тұрақты дамыту қоры» ҚҚ арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.