Ақтөбе облысында төрт күнде 40 жол-көлік апаты болды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысында төрт күнде 40 жол-көлік апаты болды. Ал жыл басынан бері жолдағы оқиғалар салдарынан 70-тен астам адам көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысында төрт күнде 40 жол-көлік апаты болды

Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 18 желтоқсан күні ауа райының қолайсыздығына байланысты Ақтөбе облысының трассасында үш көліктің қатысуымен жол апаты болды. «ВАЗ-21144» автокөлігінің жүргізушісі Жаңаәлжан тас жолында жол жүру ережесін бұзып, қарсы жолаққа шығып кеткен. Салдарынан «Лада-217030» көлігімен соқтығысқан. Кейін жеңіл көлік қозғалыс бағытын өзгертіп, «Volvo» автокөлігімен түйіскен. «ВАЗ-21144» автокөлігінің жүргізушісі жедел медициналық жәрдем ауруханасына жатқызылды.

«Әрбір автокөлік иесі «ара қашықтықты сақта» деген сөзді білетін шығар. Әсіресе қыс мезгілінде қауіп жоғары болады. Кәсіби жүргізушінің өзі ауа райының күрт өзгеруі кезінде алдағы қауіпті болжай алмайды. Жыл басынан бері Ақтөбеде 70-тен астам адам жол апатынан көз жұмды. Ал өткен төрт күнде өңірде 40 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Бір жасқа толмаған сәби мен әжесі де көз жұмды. Мұндай қайғылы оқиғаның алдын алу үшін сақтық шарасын естен шығармаған абзал», - деді облыстық Полиция департаментінің бастығы Атығай Арыстанов.

Айта кетейік, қазір 100-ге жуық патрульдік полиция экипажы түрлі бағыттағы жолды бақылауға алды.