Ақтөбе облысында жол жөндеу жұмысындағы түйткілді мәселелер қандай

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов жол құрылысы жұмысымен танысты. Қазірге кезде өңірде битум тапшы, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Ақтөбе - Атырау тасжолының ең маңызды «Ақтөбе-Қандыағаш» аралығында қайта жаңғырту жұмысы жүріп жатыр.

Облыс әкімі Ералы Тоғжанов сол жолдың құрылысымен танысты. Жобада жолды 4 жолаққа дейін кеңейту, көпірлер, мал өткелдері және теміржол арқылы өтетін жол өткелдерін салу қарастырылған. Нысан 2023 жылы пайдалануға беріледі.

Қараша айында автожолдың асфальтталған екі жолағы бойынша қос бағытқа жол ашу жоспарланып отыр.

Сондай-ақ, облыс әкімі 41-разъезд ауданындағы Ақтөбе қаласының Оңтүстік айналма жолының қайта құрылысымен танысты.

Ералы Тоғжановтың тапсырмасы бойынша аталған учаске арқылы жол жүру жыл соңына дейін ашылады.

Ал Елек өзені арқылы өтетін көпірден «Ақтөбе-Орск» (Ақжар тас жолы) автожолына дейінгі жолды қайта жаңғырту жұмысы келер жылы аяқталады.

Жөнделетін учаскенің ұзындығы - 9,2 шақырым. Жолды 4 жолаққа дейін кеңейтетін қайта құру жұмыстары 2023 жылы аяқталуы керек.

Келесі жылы ұзындығы 38,2 шақырым болатын «Ақтөбе-Родниковка-Мәртөк» автожолының орташа жөндеуі аяқталады. Облыс басшысына жұмыстардың кесте бойынша жүргізіліп жатқаны баяндалды.

Жұмыс сапары Ақтөбе қаласының Батыс айналма жолы автожолының құрылысымен танысумен жалғасты.

Ұзындығы 8,3 шақырым болатын бұл магистраль «Самара-Шымкент» және «Ақтөбе-Мәртөк - РФ шекарасы» трассаларын жалғайды.

Айта кетейік, жобаны жүзеге асыру үшін 2000 тонна битум сақтайтын асфальт-бетон зауыты салынады.

Бұл битумды қыста, сұраныстың төмендеген кезінде сатып алуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар облыс әкімі Тәуелсіздік даңғылындағы автожолды 8 жолаққа дейін және Батыс-2 шағын ауданындағы М.Шоқай көшесіндегі жолды 6 жолаққа дейін кеңейту жұмыстарымен танысты.

Ішінара көлік қозғалысы үшін ашылған жолдарды қайта құру жоспар бойынша жүргізіліп жатыр.
Жол құрылысы барысымен танысу кезінде өңір басшысы жауапты мемлекеттік органдар мен мердігер ұйымдарға бірқатар тапсырма берді.

Ол барлық нысандарда битум тапшылығы байқалатынын және бұл мәселені бірінші кезекте шешу қажеттігін атап өтті.

«Барлық жоба мен мердігер бойынша жұмыс кестесі жасалып, қатаң бақылау талап етіледі. Қазір битум мәселесі бойынша келіссөздерге кірістік, сонымен қатар қыс мезгілінде осы өнімді сатып алу тәжірибесін кеңейту мүмкіндігін зерделеу қажет. Бұл туралы өндіруші зауыттар тарапынан да сұраныс түсіп жатыр», - деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Сондай-ақ, аймақ басшысы Есет батыр атындағы тұрғын үй алабының 4-шағын ауданында мектепті пайдалануға беруді жеделдетуді тапсырды.

Бір ауысымда 900 оқушы білім алатын мектеп биыл ашылады. Құрылыс кезінде мердігерлер жұмыс жүргізу мерзімін бұзған.

Ғимарат 2019 жылы пайдалануға берілуі керек болатын. Қазіргі уақытта ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жоспар бойынша 10 қыркүйекте аяқталуы тиіс. Ғимаратты қарап шыққан облыс әкімі мердігердің мардымсыз жұмысын атап өтті.

Құрылысты тек 25 адам орындайды, ал мұндай үлкен жұмыс көлеміне кемінде 100 жұмысшы қажет. Ескертуді қысқа мерзімде жою тапсырылды.

Еске сала кетейік, Ералы Тоғжанов екі жыл ішінде Ақтөбе облысындағы апатты және үш ауысымды мектептер мәселесін толығымен жою міндетін қойды.


Соңғы жаңалықтар