20:09, 24 Наурыз 2022 | GMT +5
Ақтөбе облысында жүк және жеңіл көлік соқтығысты, 4 адам ауруханада
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысында жүк және жеңіл көлік соқтығысып, төрт адам ауруханаға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Самара-Шымкент тасжолының 823-шақырымында, яғни Хромтау ауданы Абай кентінің маңында жол-көлік оқиғасы болды.
«Lada Granta» маркалы автокөліктің жүргізушісі Хромтаудан Ақтөбе қаласына бағыт алған. Ол ауа райы жағдайын ескермей, жолдың көктайғақ учаскесінде қарсы жолаққа шығып кеткен. Салдарынан «DAF» маркалы жүк автокөлігімен соқтығысты.
«Жол-көлік оқиғасынан «Lada Granta» автокөлігінің 4 жолаушысы Хромтау қаласының орталық ауруханасына жатқызылды. Оның екеуі кәмелетке толмаған қыз. Қазір тергеу жүріп жатыр.
Облыстық Полиция департаменті жол қозғалысына қатысушыларды жол ережелерін қатаң сақтауға шақырады», - деді облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.