Ақтөбе облысында жыл соңына дейін 2 мың орындық 6 мектеп пайдалануға беріледі
Өңір басшысы Оңдасын Оразалин облыстық мәслихаттың сессия жұмысында бірінші жартыжылдықты қорытындылады.
Барлық салада тұрақты өсім бар. Өнеркәсіптің өсу қарқыны 102,7%, инвестициялар 104,4%, ауыл шаруашылығы 100,3%, құрылыс 104,2%, тұрғын үйді пайдалануға беру 102,6%, көлік және қойма жұмысы 109,2% құрады. Облысқа 325 миллиард теңге инвестиция тартылса, оның ішінде құны 23 миллиард теңге болатын 12 жоба іске асырылды. Нәтижесінде 486 жаңа жұмыс орнын құрылды.
Жыл соңына дейін құны 68 миллиард теңге болатын 18 инвестициялық жобаны іске асыру міндеті тұр. Ал ауыл шаруашылығы саласын қолдау үшін республикалық және жергілікті бюджеттерден 22,7 миллиард теңге бөлінді. Жарты жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы шығарылымы 130 миллиард теңгені құрады. Ірі қара мал басы 7,3%, ұсақ мал басы 4,5%, жылқы 28%, түйе 13,2% көбейді. Енді ауыл шаруашылығы өнімінің шығарылымын 5% ұлғайту жоспарланды.
Биыл шағын және орта бизнесті дамытуға шамамен 12 миллиард теңге бөлу көзделген. Бұл 3 мыңға жуық кәсіпкерлік субъектілерін қолдауға мүмкіндік береді. Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында 1 мыңнан астам шағын және орта бизнес жобасы қолдау тапты. Нәтижесінде жарты жылдың қорытындысы бойынша облыста жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің саны 14% артып, шамамен 72 мыңды құрады. Жыл қорытындысы бойынша өңір экономикасындағы ШОБ үлесі 22,3% дейін, жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің саны 73 мыңнан астам бірлікке дейін арттыру жоспарланды.
2022 жылы жергілікті, облыстық, аудандық маңызы бар 608,7 шақырым автомобиль жолдарын және 165,7 шақырым көше-жол желісін жөндеу жоспарланған. Бұл мақсатқа республикалық және жергілікті бюджеттерден барлығы 37,8 миллиард теңге қарастырылған. Облыс әкімі 11 ауылды орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету жоспарланып, кешенді блок-модульдерді орнату жұмыстары жүргізіліп жатқанын, жыл басынан бері олар жеті шағын ауылға орнатылғанын атап өтті. Биыл газ желілеріне 5,8 мыңға жуық адамды қамтитын тағы он ауылдық елдімекен қосылатын болады.
Жыл басынан бері 376 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,6% жоғары. Жыл соңына дейін шамамен 1,3 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланды.
Оңдасын Оразалин әлеуметтік сала жайлы айта келе, жыл соңына дейін жалпы сомасы 406 млн теңгеге Байғанин және Ойыл аудандарында 2 дәрігерлік амбулатория және Әйтеке би ауданында медициналық пункт пайдалануға берілетінін жеткізді. Бұдан бөлек, қазіргі таңда жалпы құны 4,4 млрд теңге болатын 3 920 орындық 14 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін 2 мың орындық 6 мектеп пайдалануға беріледі.
Облыс әкімі: «Бізге халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту, экономикалық өсімді қамтамасыз ету және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жолында зор жауапкершілік жүктелуде. Біз алға қойған міндеттерді жауапкершілікпен орындауда барлық күш-жігерімізді жұмсаймыз»,- деп атап өтті.