Ақтөбе облысында жылқының 11 пайызы асыл тұқымды
Жылқысының асыл тұқымдысы 11 пайызға жететін Ақтөбеден басқа бірде-бір облыс жоқ. Ақтөбенің жылқыларына Қазақстан бойынша сұраныс жоғары. Бүгінде өңірде 13 асыл тұқымды жылқы шаруашылығы жұмыс жасайды. Бұл туралы бүгін жылқы шаруашылығын дамыту үшін құрылған республикалық палатаның алғашқы отырысында айтылды. Алғашқы отырыс Ақтөбеде өтті. Еліміздің түпкір-түпкірінен келген ғалымдар, жылқы шаруашылығы саласының мамандары мен шаруа қожалықтарының иелері Ақтөбе облысында жылқы өсіру, тұқымын асылдандыру ісін өркендетуге мүмкіндік мол деп бағалап отыр.
Жуырда ғана құрылған палата жылқы шаруашылығын дамытып қана қоймай, жылқышылардың құқығын да қорғайды. Жалпы, жылқы шаруашылығын дамытуға қатысты қордаланған сұрақтар көп. Жылқышының жетіспеуі де өзекті мәселеге айналып отыр.
- Бұл республикалық палата жылқының санын көбейтіп, сапасын арттыруға, өнімін танымал етуге жұмыс істеуі керек. Бұл жерде жылқы ұрлығын тоқтату, жайылымы үшін жер беру мәселелері де күн тәртібіне қойылуы міндетті, - дейді Республикалық «Қамбар ата» жылқы өсірушілер ассоциациясының президенті Нәбидолла Кикебаев.
Бүгінде елімізде екі миллионға жуық жылқы болса, оның тоқсан мыңы Ақтөбе облыста екен. «Елімізде ірі қараны көбейтуге арналған түрлі мемлекеттік бағдарламалар бар. Оған мемлекет арнайы субсидия беріп отыр. Ал, жылқы баққан адамға қолдау жоқтың қасы. Субсидия сатып алушыға емес, сатушыға, яғни жылқы шаруашылығымен айналысып отырған адамға берілу керек», - Ақтөбе тәжірибе стансасы жылқы шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі Серікбай Рзабаев.