Ақтөбе облысының әкімі ҰБТ-да жоғары балл жинаған 3 түлекке темір тұлпар мінгізді

Үш мың түлек және олардың ата-аналарының алдында облыс әкімі Архимед Мұхамбетов сөз сөйледі. Биыл 72 түлек халықаралық олимпиадалардың жүлдегері болды, 120 түлек «Алтын белгіге» қол жеткізді. ҰБТ қорытындысы бойынша, аймақ ел бойынша көшбасшылар бестігіне енді.
2013 жылы ҰБТ деңгейі бойынша облыстық физика-математикалық мектеп интернат, қазақ-түрік лицейі, М.Құсайынов атындағы интернат, №24, 32, 21, 33 мектептер, Мұғалжар ауданы Жем қаласының №5 мектебі, Ақкемір мектебі, Шұбарқұдық гимназиясы, Алға қаласының №3 мектебі үздік болды.
Алаңда салтанатты жағдайда барлық 120 алтын белгі иесі облыс әкімінің қолынан өз аттестаттарын және сыйлыққа ноутбуктар алды.
ҰБТ-да облыс бойынша жоғары - 123 және 124 баллдарды жинап, «Алтын белгі» иегері болған үш түлекке облыс әкімі жаңа автокөліктердің кілттерін табыс етті. Олар - Аслан Сайлауов, Аманбек Бекбауов және Ұлан Кенжеғұловтар.
Үздік аттестатқа үміткер болмаған, бірақ 123 балл жинаған тағы бір түлек - Ұлжан Нұрлыбек сондай-ақ сыйлыққа ноутбук алды.