Ақтөбе полициясы екі баланы қағып кеткен жүргізушіні іздеп жатыр
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде екі баланы қағып, еш көмек көрсетпей кетіп қалған жүргізушіні полиция іздеп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Болжам бойынша «Hundai» маркалы автокөлігінің жүргізушісі Ақтөбе қаласындағы Ораз Тәтейұлы мен Мәңгілік ел көшелерінің қиылысында балаларды қағып, алғашқы медициналық көмек көрсетпестен белгісіз бағытқа қашып кеткен. Аталған жол-көлік оқиғасының куәгерлері жедел жәрдем мен полицияны шақырған.
«Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері жол-көлік оқиғаларының кінәлісін анықтау және ұстау бойынша жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізіп жатыр. Кәмелетке толмаған екі бала облыстық балалар ауруханасына жеткізіліп, медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйіне жіберілді. Полиция департаменті осы жол-көлік оқиғасының куәгерлерін 102 нөміріне хабарласуды сұрайды»,- деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.