«Ақтөбе сапаның» кірпіштері

АСТАНА. ҚазАқпарат - Заманауи үлгіде әртүрлі кірпіш шығаратын «Ақтөбе Сапа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қазір алғашқы өнімдерін сатылымға шығарды, деп жазады Ақтөбе газеті.
None
None

Отандық шикізатты пайдалану арқылы өндірілетін өнімдер бүгінгі күні үлкен сұранысқа ие.

 Жоба мен 15 млн теңге несие

Жыл санап өңірде құрылыс қарқыны күшейіп келеді. Бүгінгі күні қаламызда көз тартарлық зәулім ғимараттар бой көтеріп, соның арқасында құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорындар қатары да көбейе түсті. Сондай-ақ аймақтағы құрылыстың өріс алуы кірпіш шығаратын кәсіпорындар арасындағы бәсекелестікті де дамытуға үлес қосуда. Біз әңгімелеп отырған әртүрлі кірпіш шығаратын «Ақтөбе сапа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өнімдеріне қазір сұраныс жоғары. Биыл ғана жұмысын бастаған цех қазір тапсырыс алып, өнімдерін сатылымға шығарып жатыр.

Цех басшысы Нұрлан Нұржанов өткен жылы кәсіпкерлерге арналған мемлекеттік бағдарлама аясында «Даму» қорына өзінің жобасын ұсынған. Соның арқасында цех  ашуға мүмкіндік алып, кәсіпкерлікті дамыту қорының қолдауымен «Сбербанк» акционерлік қоғамының еншілес банкінен 15 миллион теңге несие алған. Өз кәсібін ашуды мақсат еткен кәсіпкер бүгінгі күні Ақтөбеде  жоқ құрылыс материалдарын шығарып жатыр. Атап айтсақ, теплоблок, термоблок, гиперпрестелген кірпіш, жүзі бар қабырғалық тас, қабырғааралық және екі қуысты тас, т.б. Бұл құрылыс материалдарының барлығы жаңа технология бойынша дайындалады.

  • Негізгі мамандығым суретші-безендіруші болғанымен өзім осы саланы жақсы білемін. Бұған дейін Қандыағаш, Шилісайда, сондай-ақ Атырау қаласында өз мамандығым бойынша біраз жыл жұмыс жасадым. Кейін еліміз егемендік алып, іргеміз бекіген тұста саудамен айналыстық. Зайыбым Баян екеуміз көрші елдерден зат тасып, сол салада көп жыл еңбек еттік. Алайда мақсатым құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорын ашу болғандықтан, ақырында осы кәсіпке бет бұрдым. «Даму» қорының қолдауымен несие алып, биыл наурыз айында цех аштым. Қазір цех заманауи үлгідегі кірпіш, тас түрлерін шығарады. Алғашқы өнімдерімізді сатылымға шығарып, тапсырыс қабылдап жатырмыз. Негізі мұндай құрылыс материалдары біздің Ақтөбеде, тіпті Батыс Қазақстанда өндірілмейді. Еліміз бойынша мұндай кірпіштер тек Астана мен Алматыда ғана бар. Шетелдік технология бойынша өндірілетін өнімдерімізге бүгінгі күні сұраныс жоғары. Халық таласып алып жатыр, - дейді ол.

Кәсіпкердің айтуынша, аталған құрылыс материалдарының бағасы Астана мен Алматыдан әлдеқайда арзан. Мәселен, Астана қаласында теплоблоктың бір данасы 800 теңге тұрса, бізде 500 теңге. Сондай-ақ теплоблоктың бұрыштамасы мен қабырғааралық түрлері де шығарылады. Олардың да бағасы бірдей.

  • Бұл біздің жергілікті тұрғындарға жасап отырған жеңілдігіміз. Әйтпесе қала бойынша аталған кірпіш түрі бізде ғана шығарылады. Негізі теплоблок біздің қаламызға Ресейден әкелінеді. Ол - ғимараттың салмақ түсетін сыртқы бөлігіне пайдаланатын, заманауи композиттік құрылыс блоктары. Ол төрт қабаттан тұрады. Су өткізбейді, жылуды бойында ұстайды. Сондай-ақ басқа кірпіштерге қарағанда, үнемді, мықты, төзімді, тиімді және экологиялық жағынан таза. Бүгінге дейін теплоблоктың 32 мың данасын саттық,- дейді Нұрлан Нұржанов.

 Құрылғы құны - 85 мың доллар

 Цех қазір тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар құрылысына пайдаланылатын гиперпрестелген кірпіштерді де шығарып жатыр. Бүгінге дейін мұндай кірпіштің 15 мың данасы сатылған.

  • Қазір өзге елдер сияқты Қазақстанда да жаңа заманға сай соңғы үлгідегі құрылыс материалдары шығарылып жатыр. Біз өндіретін гиперпрестелген кірпіш осы заманауи үлгідегі, жаңа технологиямен шығарылатын кірпіштің бір түрі. Онымен кез келген ғимараттың, үйлердің сыртын қаптауға болады. Әдемі, тиімді, үнемді, сондай-ақ су өткізбейді, құрамы сапалы шикізаттардан тұрады,- дейді кәсіпкер.

Оның айтуынша, гиперпрестелген кірпіш әктас, цемент, темір оксиді, темір оксиді бар пигмент, судың қосындыларынан дайындалады. Кірпіш ресейлік «Кондор» вибропресс құрылғысы арқылы жасалады. Алдымен шикізаттар құрылғыға салынып, кейін автоматты түрде өздігінен араластырылып, сығылады. Тығыздалған кірпіш ұяқалыптан алынып, түпқоймаға орналастырылады. Су себіліп, целлофанмен жабылады. Дайын өнім 5-6 күн көлеңкеде тұрып, кебеді.

  • Кірпішті күннің көзіне шығарып, кептіруге болмайды. Кірпіш мықтылығын жоғалтады. Сондықтан көлеңке жерде асықпай кептіру керек,- дейді цех басшысы.

Нұрлан Нұржанов алдағы уақытта кірпіштерді құйғанда Украинадан сатып әкелінген, «Слепащенко» жеке кәсіпкерлігі шығарған соңғы үлгідегі гиперпресті қолданбақшы. Аталған құрылғыны кәсіпкер тапсырыс беру арқылы 85 мың долларға сатып алған. Автоматты түрде жұмыс істейтін құрылғы іске қосылса, цехтан өндірілетін кірпіштердің де саны артады. Жұмысшылар қатары да толығады.

Қазір тек вибропресс құрылғысымен ғана жұмыс жасап, тапсырыспен ғана кірпіштерімізді шығарып жатырмыз. Енді жаңа құрылғымыз іске қосылса, өнімдеріміз екі есеге көбейеді. Тұтынушылардың сұраныстары да толығымен орындалады, - дейді кәсіпкер.

Келесі жылдан бастап цех басшысы кірпіштердің басқа да түрлерін өндіруді жоспарлап отыр. Сондай-ақ гиперпрестелген кірпіш пен теплоблоктарды еліміздің өзге өңірлері мен Ресейдің жақын аудандарына нарыққа шығармақшы.

  • Ақтөбедегі «Нектар», «Ақтөбе Центр» сияқты жергілікті құрылыс компаниялары қазір біздің өнімдерімізге қызығушылық танытып отыр. Сондықтан алдағы уақытта кірпіштеріміз көбейсе, осыкомпаниялармен арада келісімшарт жасалады,- дейді Нұрлан Ибрагимұлы.

«Отандық шикізатты пайдаланамыз...»

 Отандық шикізатты пайдалану арқылы іске кіріскен цех кірпішке қажетті цементті Ақтау мен Шымкенттен, пигменттерді Алматы арқылы Қытайдан алдырады. Ал құм мен баласты жергілікті өндірушілерден сатып алады.

  • Қазір өзіміздің Шымкенттен шығарылатын цементтің сапасы ресейлік өндірушілердікінен кем емес. Жақсы кебеді. Алайда елімізде пигмент шығаратын зауыт жоқ. Сондықтан кірпішке пайдаланатын пигменттерді Қытайдан тапсырыс беріп алдыртамыз. Сондай-ақ, біздің елімізде ақ цемент өндірілмейді. Мысалы, бір қап ақ цементтің құны - 3500-4500 теңге. Оның да пайдалану мерзімі бар. Егер біз өндіріп жатқан кірпіштерге ақ цемент қосылатын болса, пигменттің түсі айқын, анық болады. Ал бізде шығарылатын цементтер аталған пигменттің түсін жеп қояды. Сондықтан ол бізге тиімсіз. Себебі бір келі пигменттің бағасы бір қапцементтің бағасымен бірдей. Біз гиперпрестелген кірпішті дайындағанда 50 келі цементке 4-10 келі пигмент қосамыз. Сондықтан ақ цементті пайдаланғымыз келеді. Егер оны қолдансақ, кірпішіміз ақ мрамор сияқты ақшыл түске айналып, мықты болады. Үй салғанда кірпіштің сыртын сол қалпы қалдырып, тек ішкі жағын ғана сылап өтуге болады. Келешекте осындай кірпіш шығару ойымызда бар, -дейді кәсіпкер.

«Ақтөбе Сапа» ЖШС өткен жылы Ақтөбеде ұйымдастырылған «Еуропа-Азия. Шекарасыз ынтымақтастық» XIV Қазақстан-Ресей халықаралық көрмесіне қатысып, өз өнімдерін көпшілікке ұсыныпты. Сол көрмеде орынборлық кәсіпкерлер «Ақтөбе Сапа» шығаратын түрлі түсті заманауи кірпіштерге қызығушылық танытып, оны дайындаудың технологиясын сұраған. Кәсіпкер алдағы уақытта цех жұмысы ілгері басып, өнім түрлері көбейсе, зауыт ашу ойында бар екенін айтып өтті. Сондай-ақ, жұмысшылардың да саны артады. Ал бүгінгі күні кәсіпкер 10 адамды жұмыспен қамтып отыр. Жаңа құрылғы іске қосылса, тағы бес адамды жұмысқа қабылдамақ.

P.S. «Ақтөбе Сапа» ЖШС директоры Нұрлан Нұржанов қазір өз өнімдерін тұрғындарға қолжетімді бағамен сатып жатқанын айтады. Атап айтсақ,  теплоблоктың бір данасы - 500 теңге, екі қуысты қабырғалық тас - 145 теңге, қабырғааралық кірпіш - 125 теңге, гиперпрестелген кірпіш - 50-150 теңге,  жүзі бар қабырғалық тас  220 теңге тұрады.

 Данагүл ҚАЗИХАН

 

Соңғы жаңалықтар