Ақтөбе шаруалары көктемгі егіске қажет тұқымды өзге өңірлерден алады

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе шаруалары қажетті тұқымның бір бөлігін Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарынан алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе шаруалары көктемгі егіске қажет тұқымды өзге өңірлерден алады

Ақтөбеде облысының шаруалары биыл 722 мың гектар жерді кәдеге жаратады. Оның 375 мың гектары - дәнді-бұршақты дақыл.

Ал 85 мың гектары майлы дақылдарға арналған болса, мал азығы дақылына 250 мың гектар қарастырылған.

Картоп үшін 6 мың гектардан астам жер бөлінді.

«Қуаңшылыққа байланысты егістік алқапты әртараптандыру жұмысы жалғасып жатыр. Биыл да шаруалар дәнді дақылдың көлемін азайтып, мал азығын дайындауға бетбұрыс жасап отыр. Бір жылдық, көпжылдық шөпті өсіру маңызды. Себебі далалықтан шөп ору тиімсіз болып кетті. Сонымен бірге майлы дақыл көлемін арттыру жұмысы да қолға алынды. Майлы дақылды өсіру тиімді әрі өңірде өсімдік майын шығаратын зауыт бар. Зауыт толық қуаттылығымен жұмыс істесе, шаруаларға өнімін еш кедергісіз өткізе алады», - деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Исатай Еспағанбетов.

Шаруалар көктемгі далалық жұмыстарына арналған техникасын да сайлап жатыр. Техника дайындығы 96% құрайды.

Сонымен бірге өңір шаруалары үшін 9,6 мың тонна дизель отыны бөлінбек. Биыл литрі 184 теңге болады.

«Биыл ауыл шаруашылығы құрылымдарын қолдау мақсатында егіншілік шаруашылығына 1,3 млрд теңге бөлінді. Оның 480 млн теңгесі тұқым шаруашылығына, 452 млн теңгесі гербицидтердің құнын субсидиялауға қарастырылды. 323,7 млн теңге тыңайтқыштың құнын субсидиялауға бағытталды. Тұқыммен қамтамасыз ету мәселесі бар. Өзіміздің өңірден, сонымен бірге Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстанның тұқым шаруашылықтарынан аламыз. Ресей Ферерациясынан тұқым әкелу мәселесі бойынша құжатты Ауыл шаруашылығы министрлігіне бердік. Ресейдің компанияларымен келісімшартқа отырған шаруалардың тізімі министрлікке жіберілді. Орталықтандырылған деңгейде шешу жоспарланды», - деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Исатай Еспағанбетов.

«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ АОФ директоры Гүлжанат Ерғазина көктемгі далалық жұмыстарын жүргізу жайын айтты.

«Ауыл шаруашылығы құрылымдарын қолдау мақсатында жұмыс жасап жатқан «Кең дала» бағдарламасы аясында егін салу жұмыстарына биыл 1,2 млрд теңге бөлінген болатын. Қарыз алушылардың пулы 2,6 млрд теңгені құрағандықтан, қосымша қаражат бөлу мәселесі қарастырылып жатыр. Бұдан бөлек, көктемгі далалық жұмыстарды жүргізу үшін «Кең дала» бағдарламасымен қатар, «Агробизнес» және «Еңбек» бағдарламалары (қайта инвестицияланатын қаржылар) аясында да қаржы алуға болады», - деді Гүлжанат Ерғазина.

«ҚазАгроҚаржы» АҚ АФ директоры Азамат Тұрсынбекұлының сөзінше, 2021 жылы өңірдегі агроөнрекәсіп кешенінің 315 субъектісі 8 млрд теңгеге қаржыландырылған.

Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге лизингке 818 техника беріліп, шаруалар жеңілдетілген шарттармен 262 трактор, 13 комбайн, 29 тұқым сепкіш, 514 бірлік басқа да ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға мүмкіндік алды.

Жыл басынан бері агроөнеркәсіп кешенінің 25 субъектісі 32 бірлік техника алды.