Ақтөбе шегірткемен күресу үшін үйір-үйір жылқы, отар-отар қой өсіруде
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде үйірлі шегірткемен күреске - 153 миллион, саяқ шегірткемен күрес жұмыстарына 30 миллион теңге бөлінді.
Үйірлі шегірткеге қарсы іс-шараларға қаржы республикалық бюджеттен бөлініп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбе мен Орынбор шегірткемен күрес жұмыстарын бірлесе жүргізеді. Бүгін жерді улау жұмыстарына жұмылдырылатын техникалар таныстырылды.
«Шегірткемен күрес жұмыстарына дайындық жоғары деңгейде жүруде. Қазір зиянкестер өте аз. Бұл бірлескен жұмыстың нәтижесі деп білеміз. Мәселен, 2012 жылы біз 1 миллион гектар мемлекеттік, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді уласақ, қазір оның аумағы 3 есеге азайды. Биыл 300 мың гектар жер залалсыздандырылады. Үйірлі және саяқ шегірткемен күрес аудандарда да жүріп жатыр»,- деді Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Мұхтар Жұмағазиев.
Айта кетейік, шегірткемен күрес жұмыстары кезінде құс өсіріп, зиянкестерді табиғи жол арқылы азайту көзделген болатын. Мұхтар Жұмағазиевтің айтуынша, бұл жұмыстар жалғасып жатыр.
«Ата-батамыз зиянкестермен, шегірткемен үйір-үйір жылқы, отар-отар қойды далаға жайып, күрескен екен. Біз де мал басын арттырып жатырмыз»,- деді ол.