Ақтөбе спортшыларының көрсеткіші өте нашар - Сапарбаев

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қомақты қаржы бөлінгенімен, спортшылардың жетістіктері көңіл көншітпейтінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе спортшыларының көрсеткіші өте нашар - Сапарбаев

Ақтөбелік спортшылар мен жаттықтырушылар, спорт саласының ардагерлері мен мекеме басшылары бүгін атқарылған жұмысты қорытындылады. Кездесу кезінде өңір басшысы Бердібек Сапарбаев Жекпе-жек сарайы, аудандардағы балалар мен жасөспірімдер мектебі ашылғанымен, жетістіктер әлі де мардымсыз екенін айтып берді. Әрі Теннис орталығы, Мұз сарайының да құрылысы жүріп жатыр. Алда жеңіл атлетика орталығы, бокс мектебінің құрылысы басталады. Халықаралық талапқа сай орталықтардың құрылысы жүргенімен, спортшылардың жетістігі төмен.

«Спорттағы жетістіктеріміз өте нашар. Соңғы үш жылдың ішінде Олимпиада ойындарына кіретін бір де бір әлем, Азия чемпиондары, Олимпиада жүлдегерлері шыққан жоқ. Бұл деген жұмысымыздың нашар жүргенін көрсетеді. Облыстық басқарма түрлі спорт федерацияларымен, аудан, қаланың әкімшіліктерімен дұрыс байланыс орнатпаған. Бірігіп жұмыс істегенде ғана нәтиже болатынын естен шығармаған жөн», - деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Қазір Индонезияда Азиада ойындары өтіп жатыр. Оған Ақтөбеден 8 спортшы қатысты. Әзірге балуан Мейрамбек Айнағұлов ғана қола жүлдегер атанды. Өзге спортшылардың жетістігі тым төмен.

«Бір ғана Мейрамбек Айнағұлов сенімді ақтап отыр. Жүзу спортына қатысқан ойыншы ақтық  сынға шыға алмады. Бар жұмысымыз, нәтижеміз осы болды. Ал Олимпиадаға бар болғаны 2 жыл қалды. Дайындығымыз қайда? Бұрын білікті мамандарды, бапкерлерді шақыру туралы айтылған болатын. Ақтөбеден шыққан мықты жаттықтырушыларды шақыру жұмысы нәтижесіз қалды. Бізде спорт мектептері жеткілікті. Бірақ білікті жаттықтырушы қажет.

Өңірде 30 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі бар. Онда 500 жаттықтырушы жұмыс істейді. Соңғы уақытта баскетбол, волейбол дамып келеді. Әрі қарай жұмысты жандандыру керек. Тек облыс орталығында емес, аудандарда да спортты дамыту тапсырылды», - деді өңір басшысы.

Айта кетейік, соңғы 2 жылда өңірде 60 спорт нысаны салынды. Кездесу кезінде облыс әкімі еліміздегі түрлі федерациялармен байланыс орнатып, спорт саласын дамытуды жоспарлы жүргізуді тапсырды. Әрі жаңа ғимарттар, спорт кешендері таңертеңнен түнгі сағат 22:00-ге дейін жұмыс істеп, демалыс күндері адамдардың дене шынықтырумен шұғылдануына жағдай жасауын міндеттеді.

null