Ақтөбе стартап байқауы - ауылдық елді мекендегі 20 үздік жоба 30 млн.теңге грантқа ие болды
Инвестициялық қор Ақтөбе облысының әкімдігі мен «Алтын Қыран» қайырымдылық қорының қаржысы есебінен құрылды.
Осылайша Мұғалжар ауданы Ембі қаласының тұрғыны Дания Рысқұлова омарташылықты дамыту үшін 1,5 миллион теңгеге қол жеткізді. Бұл жанұялық бизнес жақсы табыс әкеледі, аралар жылына 300-400 келі бал өндіреді екен. Алынған қаражаттың көмегімен Дания отбасылық бизнес аясын кеңейтуді жоспарлап отыр.
Үздік жобалардың қатарында жолдағы белгілерді жасау, ауылға қажетті жылыжай өндірісі, монша, тігін цехы, тұшпара дайындайтын цех, шағын наубайхана ашу және т.б бар.
«Aktobe startup» байқауы - аймақтағы шағын және орта бизнесті дамыту үшін маңызды. Бүгін көптеген қызықты жобалар ұсынылды. Бастысы, олар жаңа жұмыс орындарын ашуға, ШОБ шығаратын өнім көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Мақсатымыз - аудандарда бизнесті дамыту. Кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау көрсетіп, олардың істерінің өрге домалауына көмектесу. Бұл өз кезегінде облыстағы бизнесті дамытуға серпін береді», - деді салтанатты шарада сертификаттар тапсырған Ақтөбе облысының әкімі Архимед Мұхамбетов.
Жалпы байқауда 170 ауыл кәсіпкерінің 141 жобасы қаралды. Олардың 20 үздік деп танылып, 350 мыңнан 3 млн.теңгеге дейінгі грантқа ие болды.