«Ақтөбе» су қоймасы неге сарқылып қалды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – «Ақтөбе» су қоймасындағы жаңғырту жұмыстары кезінде судың басым бөлігі өзенге жіберілді. Қоймада судың бестен бір бөлігі ғана қалды.

«Ақтөбе» су қоймасын қайта жаңғырту жұмысы кезіндегі 245 млн текше метр болатын судың тек 50 млн текше метрін сақтап, жұмыс жүргізу жоспарланған. Қазіргі кезде су қоймасындағы судың басым бөлігі өзенге жіберілді.
- Жобалық-сметалық құжат дайындаған кезде су мен ондағы тіршілік көзінің бәрі ескерілді. Балықтың жойылып кету қаупі жоқ деп есептейміз. Су деңгейі шлюздың төменгі бөлігіндегі бетон тіреуге жеткенде өзі тоқтап, сол қоймада сақталады. Негізі көктемгі тасқын кезінде су жібергенде де балық өтіп кетеді. Бұл қалыпты. Жөндеуге қажетті құжат 2023 жылы жасалды. Біз алдағы көктемде су қоймасы қайта толады деп жоспарлап отырмыз,- деді Ақтөбе облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Жомарт Бақыткелді.
Ал «Қарғалы» су қоймасына қажетті жөндеу 2025-2026 жылдарға енгізілген. Тапсырыс беруші – ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі.
Айта кетейік, Ақтөбе облысы аумағында 206 гидротехникалық құрылғы бар. Оның 10-ы республикалық, 174-і коммуналдық, 22-і жеке меншікте. Гидротехникалық құрылғылар 612 млн текше метрге жуық суды сақтай алады.
- Алға ауданындағы Шолақ бөгеті, Мәртөк ауданындағы Қаратаусай ауылындағы Мәртөк бөгетінде жөндеу жұмысы аяқталып қалды. Тасқыннан кейінгі тексеру жұмыстарынан соң барлығы 24 учаскеде қорғаныс бөгеттері салынады деп шешім шықты. Қазір құрылыс жүріп жатыр. Сонымен бірге 2025-2027 жылдарға арналған көпфакторлы зерттеу де қажет. ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірге 17 гидротехникалық құрылғы зерттеледі,- деді Жомарт Бақыткелді.
Еске салсақ, биыл тамызда «Ақтөбе» су қоймасында жөнделе басталды.