Ақтөбе су қоймасы жағалауынан құс өлексесі табылды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Судан сынама алынып, құс өлексесі зертханалық тексеруге жіберілді. Тексеру жұмысына бірнеше сала мамандары қатысады.
Ақтөбе су қоймасына барған қала тұрғыны құс пен балық өлексесінің табылғанын айтып, видео жариялады. Видеода құс өлексесінің жағаға қарай шығып қалғанын, кейбірі құм арасында жатқанын көруге болады.
Бүгін Ақтөбе су қоймасына бірнеше маман барып, судан сынама алды. Құс өлексесі де зерттеледі.
- Ақтөбе су қоймасында құс және балықтың өлексесі табылғаны туралы ақпарат тарады. Осыған байланысты инспекция мамандары және Ақтөбе облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы, облыстық экология департаменті, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы, ветеринариялық бақылау және қадағалау инспекциясы мамандарының қатысуымен тексеру жұмыстары жүргізілді. Тексеру барысында өлген балықтар анықталмаған. Жағдайды жан-жақты зерделеу мақсатында арнайы комиссия құрылды. Комиссия мүшелері су сынамасын, құстың өлексесін алынып, зертханалық тексеруге жолданды,- деп хабарлады Тобыл-Торғай облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы.
Айта кетейік, тамыз айында Ақтөбенің Бірсуат өзекшесінде балық қырылды.