Ақтөбе су қоймасына тасқын туралы хабар тарататын қондырғы орнатылды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе су қоймасына қауіп-қатер туралы уақытылы хабар тарататын автоматтандырылған жүйе қондырылды. Бұл еліміздегі су қоймаларына қондырылған алғашқы құрылғы, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.  
None
None

Көктемгі тасқын кезінде Ақтөбеде 1 мыңнан астам үйді су басып, 100-ге жуық үй жарамсыз күйге түскен болатын. Бұған дейін хабарлағанымыздай, «Қорқанат Ақтөбе» қоры құрылып, әр аудан бір отбасыға пәтер, тұрмыстық техника алып берді. Ірі мұнай компанияларының жұмысшылары бір күндік жалақысын аударып, жан-жақты көмек көрсетілді . Алдағы уақытта су тасқынының алдын алу үшін дабыл жүйесін қондыру міндеттелген. Еліміз бойынша Ақтөбе су қоймасына алқашқы заманауи дабыл жүйесі орнатылды.

«Дабыл қондырғысы су тасқыны туралы хабарды алдын ала таратады. Яғни, су қоймасы маңындағы ауылдарға хабар тез жетеді. Қондырғы су қоймасындағы соңғы мәлімет төтенше жағдайлар қызметіне жеткізіліп, ортақ жүйе арқылы ауылдарға ақпарат тарайды»,- деді «Қазсушар» РМК Ақтөбе бөлімшесінің басшысы Бекзат Наметов.

Айта кетейік, жаңа қондырғының құны -  170 миллион теңге. Қаржыны БҰҰ Даму жөніндегі бағдарламасы бөліп, елімізде алғашқы тәжірибені қолға алды. Су қоймасына қондырылған арнайы құрылғы қысымды анықтайды, су деңгейін хабарлайды. Бұл көктемгі су тасқынының алдын алуға, қауіпсіздік шарасын күшейтуге арналған жоба. 

Соңғы жаңалықтар