Ақтөбе және Орынбор облыстары арасында әріптестік Келісімге қол қойылды

Ақтөбе облысының әкімі Архимед Мұхамбетов және РФ Орынбор облысының губернаторы Юрий Берг Келісімге қол қойды.
Тараптар сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, гуманитарлық салада әріптестік орнатуға келісті.
Ақтөбе облысы әкімінің сөзіне қарағанда, 2011 жылы Ресей Федерациясымен өңір арасындағы өзара сауда 1,7 млрд. долларды құрады, бұл басқа елдермен жасалған сауданың 14 пайызы. Бүгінгі күні Ақтөбе облысында шетелдіктердің қатысуымен 619 кәсіпорын жұмыс істейді, олардың 257-і ресей капиталдарының қатысуымен жүзеге асырылуда.
«Ақтөбе мен Ресейдің кәсіпорындары өңірдің минералды-шикізат базасын игеру бойынша жемісті қызмет атқаруда. 5 жылдың ішінде Ресей кәсіпорындары Ақтөбе облысының инвестициясына 11,5 млрд. доллар көлемінде қаражат құйды. «Ақтөбе мыс компаниясы», «Восход Ориел» сияқты кәсіпорындар құрылды. Біз кеден кедергілерінің жойылғанын, ресей нарығының ашық болғанын ескере отырып шағын және орта бизнесте өзара тиімді әріптестік саласында жұмыс істеуіміз керек», - деді сұхбат беру барысында А. Мұхамбетов.