Ақтөбеде 1 мыңнан астам жігіт Отан алдындағы борышын өтеуге асығар емес

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Биыл көктемде — 1100, күзде — 1100 ақтөбелік әскер қатарына алынады. Өңірде мыңнан астам жігіт әскери борышын өтеуге асығар емес.

әскер
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Ақтөбе облысы бойынша былтыр 1992 ер адамды әскерге қабылдау тапсырмасы қойылды. 

Облыстық қорғаныс істері басқармасы 2024 жігітті түрлі әскери бөлімге жіберіп, жоспарды түгел орындады. 

— Биыл көктемде 1100, күзде 1100 ақтөбелік әскерге шақырылады. Алдымен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметіне жіберіледі. Сонымен бірге ҚР Қарушы күштері, Ұлттық ұлан, Мемлекеттік күзет қызметі мен Төтенше жағдайлар министрлігі қызметіне бөлінеді. Бұрын әскерге шақыру науқаны басталғанда үйіне хабарлама жіберетін едік. Қазір бәрі цифрландырылған. Қазір 1414 қызметі арқылы ұялы телефон нөмірлеріне хабарлама жіберіледі, — деді Ақтөбе облыстық Қорғаныс істері департаментінің бастығы Әділет Отарбаев. 

Айта кетейік, қорғаныс істері департаментінің хабарламасы негізінде бөлімге бармаған жігіттердің аты-жөні полицияға беріледі.

Кейде полиция қызметкерлері мекенжайын тексеріп, оларды әскери бөлімге жеткізеді. 

Былтыр шақыртуды елемеген мыңнан астам ақтөбелік іздеуде жүр.

Сонымен бірге Әкімшілік құқықбұзушылық кодекстің «Азаматтардың әскери есепке алу жөнiндегi мiндеттерді орындамауы», «Медициналық тексерілуден немесе жиындардан жалтару», «Әскери есепке алу құжаттарын қасақана бүлдiру немесе жоғалту» және «Тұрғынжай меншік иесiнiң немесе қарамағында тұрғынжайлар, ғимараттар және (немесе) үй-жайлар бар басқа да тұлғалардың оларда нақты тұрмайтын жеке тұлғаларды тіркеуге жол беруі не меншік иесіне тиесілі немесе басқа да тұлғалардың қарамағындағы тұрғынжайларда, ғимараттарда және (немесе) үй-жайларда тіркелген және тұрмайтын жеке тұлғаларды тіркеуден шығару жөнінде шаралар қолданбауы не жеке тұлғалардың тіркеусіз тұруына жол беруі» баптары бойынша 100-ден астам әскерге шақырылушы жауапқа тартылды.