Ақтөбеде 10 жасар дизайнерге бір млн теңгенің сертификаты берілді

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде «Altyn Oimaq» республикалық байқауында жеңіске жеткен Әйгерім Мұратқызына 1 млн теңгенің сертификаты берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Байқауды «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен «Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау қоры» ҚҚ бірге ұйымдастырды. Қазақстандық киім дизайнерлері арасында 6 номинация иесі анықталды. Кәсіпкерлер палатасындағы «Тұрақты даму және əйелдер кəсіпкерлігін қолдау қоры» ҚҚ директоры Динара Аллаберген 1 млн теңгенің сертификатын ақтөбелік жас дизайнерге тапсырды. Әйгерім Мұратқызы «Ұлттық ою-өрнекпен көмкерілген балалар киімі» номинациясы бойынша өз жұмысын ұсынған. Шығармашылық сайысқа қатысуға оның анасы Айнагүл Мазинова өтініш берген. Әйгерім көйлек пішу және тігуді біледі. Ол «Тұмар» шығармашылық академиясының үйірмесіне қатысып, көркемсурет лицейінде білім алды. Сондай-ақ ол фортепианода ойнайды, қалалық және облыстық деңгейдегі түрлі конкурстарға қатысқан. Қазір көркем гимнастикамен айналысады.

«Әйгерім бала кезінен шыдамды, тыныш, ұстамды. Әр жұмыста сұлулық көреді. Қазір ол өзіне киім тігіп, үлкен киімді бірнеше өлшемге азайта алады. Адамдардан өлшем ала алады. Біз қызымыз үшін Ташкенттен дизайнерДинар Османды шақырған едік», - деді анасы Айнагүл Мазинова.

Әйгерім Мұратқызы сән индустриясына өз үлесін қосамын деп үміттенеді. Анасы Айнагүл Мазинова ателье ашуға шешім қабылдаған. Қазір ұлттық ою-өрнегі бар футболкалар, көйлектер мен балалар киімдерін тігумен айналысады.

«Біз Қытай, Түркия, Италияға қарағанда жақсы тігуге болатынын көрсеткіміз келеді. Бізде ұлттық салт - дәстүрлер бар. Біздің мақсатымыз - әлемдік нарыққа шығу», - дейді жас шебердің анасы Айнагүл Мазинова.

Айта кетейік аталған байқауға 284 өтінім қабылданды.


Соңғы жаңалықтар