Ақтөбеде 14 медицина нысанына күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр
АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Ақтөбе облысында 14 емдеу орнына жөндеу жүргізіліп жатыр. Оның 8-і қалада орналасқан.

Ақтөбе облысында қаламен қатар аудан, ауылдарда тозығы жеткен аурухана, амбулаториялар жөнделіп жатыр. Олардың арасында «100 мектеп — 100 аурухана» бағдарламасы аясында бой көтерген емдеу орны бар.
— Ақтөбе қаласындағы № 1 емхананың жылу жүйесі қалпына келтіріледі. Мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған емдеу орнындағы күрделі жөндеу жұмысы қыркүйекте аяқталады. Сонымен бірге «100 мектеп — 100 аурухана» бағдарламасы аясында салынған Ақтөбе медицина орталығының жылу жүйесін жаңартуға 168 млн теңге бөлінді. Жұмыстар жылыту маусымы басталғанға дейін аяқталуы тиіс, — деді Ақтөбе облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мұратжан Қажғалиев.

Ал өткен ғасырда гостипаль қызметін атқарған № 2 Ақтөбе қалалық емханасында күрделі жөндеу жұмысы былтыр басталды. Мұнда да ғимараттың тозығы жетіп, қабырғасынан өзгесін түгел ауыстыруға шешім қабылданды.
— Әйтеке би аудандық ауруханасында шатыр жабылады. Себебі төбеден су ағып тұрған. Осы аудандағы Әйке және Тереңсай ауылдарындағы дәрігерлік амбулатория жөнделіп жатыр. Тамыз айының соңында үшеуінде де жұмыс аяқталады. Ырғыз ауданы Қызылжар ауылындағы амбулаторияда күрделі жөндеу жасалады. Алға ауданында былтыр негізгі ғимаратта жөндеу жүргізілді. Биыл тамақтандыру бөлімшесі жаңартылып жатыр. Алға аудандық аурухананың қосалқы бөлімшелері де қалпына келтіріледі. Медициналық колледжге де күрелі жөндеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Біз ешқайсысын бөліп-жармай, тең қылып бөліп береміз. Келесі жылы 20-дан астам ғимаратты күрделі жөндеуден өткіземіз. Олардың қатарында Ақтөбе медицина орталығы, Ақтөбе қалалық балалар ауруханасы, Ақтөбе облыстық балалар ауруханасы, облыстық фтизиопульмонология орталығы мен Ақтөбе облыстық клиникалық ауруханасы бар, - деді Мұратжан Қажғалиев.
Оның айтуынша, жұмысты міндетіне алып, дер кезінде тапсырмаған мердігерлер де бар. Мәселен былтыр Ойыл аудандық ауруханасына күрделі жөндеу жүргізіліп, арты сот процесіне ұласып кетті. Қазір екі тарапқа да тиімсіз шешім шыққан.
— Күрделі жөндеуді міндетіне алған мердігердің біліктілігі, жауапкершілігі жоқ шығар бәлкім? Ойыл аудандық ауруханасында былтыр басталған күрделі жөндеу жұмысы әлі аяқталмай тұр. Мердігермен арада сот өтті. Сот шешімі бізге де, оларға да тиімсіз. Игерілмеген қаржы көлемі 53 млн теңге болып тұр. Мұнда аурухана жұмысы тоқтаған жоқ. Тек сыртқы жұмыстары аяқталмай қалған, — деді Ақтөбе облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мұратжан Қажғалиев.