Ақтөбеде 14 жастағы қызды зорлауы ықтимал күдіктілер үйқамаққа алынды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбеде 14 жастағы қызды туыстары бірнеше жыл бойы зорлап келді деген күдікпен қылмыстық іс қозғалды. Тергеу соты күдіктілерді үйқамаққа жіберуге шешім қабылдаған.

Полиция
Фото: ІІМ

Әлеуметтік желіде қоғам белсенділері қызды әкесінің інілері, яғни, ағалары 8 жасынан бастап зорлап келгені туралы жазды. Қаладағы емханалардың бірінде медбике болып жұмыс істейтін анасы қазіргі кезде жұмысқа бара алмай, балаларын қарап отыр. Себебі сот күдіктілерді үйқамаққа жіберген.

- Полиция департаменті бопсалау және зорлық-зомбылық фактілерін тіркеп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатқанын хабарлаймыз. Іс бойынша процестік прокурор тағайындалды. Оның қатысуымен барлық тергеу әрекеттері жүргізілуде. Екі күдікті анықталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Санкциялық шара тағайындау кезінде сот күдіктілердің жеке басының мінездемесін, бұрын сотталмағанын, кәмелетке толмаған балаларының және тұрақты мекенжайының болуын ескере отырып, үйқамақта ұстау туралы шешім қабылдады. Қажетті сараптамалар тағайындалды. Қылмыстық істі тергеу барысы облыстық полиция департаменті басшылығының бақылауында. Азаматтарды тек ресми ақпаратқа сенуді сұраймыз,- деп хабарлады Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі.

Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі күдіктілердің 2 ай үйқамаққа жіберілгенін растады. Тергеу жүріп жатқан кезде өзге ақпарат жарияланбайтынын жеткізді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ақтөбеде 46 жастағы ер адам жасөспірімге сексуалды сипаттағы зорлық-зомбылық көрсеткен. Қылмыстық кодексте өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанымен сот сотталушының бұрын қылмыстық жауапқа тартылмағанын ескерді.

 

Соңғы жаңалықтар